Қазақстандағы 45 кәсіпорын өз жұмысшыларына жалақы төлемеген
Елде 45 кәсіпорын өз жұмысшыларына маңдай терімен тапқан жалақыларын төлеуден жалтарған, деп хабарлайды 24KZ. Берешек 400 миллион теңгеден асып жығылған. Тексеріс барысында кәсіпорын басшыларына 98 миллион теңге шамасында айыппұл салынды.
Мыңға жуық жұмысшының құқығы қорғалып, жалақылары төленді. Жалпы еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды күшейту мақсатында еңбек инспекторлары жыл басынан бері 1300-ден аса тексеру жүргізді. Қабылданған шаралар нәтижесінде 10 мың жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды.
Ерболат Абулхатин, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасының м.а.:
- Еңбек дауларының алдын алу және оларды болдырмау мәселесіне қатысты қазіргі таңда кәсіпорындар туралы өзекті ақпаратты нақты уақыт режимінде мониторинг жасау және қауіптердің бар-жоғын бақылау мақсатында Цифрлы еңбек тәуекел картасы табысты жұмыс атқарып жатыр. Онда тексерулер, жазатайым оқиғалар, жалақының уақытында төленбеуі, міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударылымдар, медициналық сақтандыру, жұмыс берушілерге бекітілген оңалту шараларының орындалмауы, өндіріс жазатайым шарттардан сақтандыру шарттарының болуы және де басқа да деректер қамтылған.