Жамбыл облысында 35 елді мекенге газ тартылады

Жамбыл облысында 35 елді мекенге газ тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 9 ауыл биыл көгілдір отынға қосылады деп жоспарланып отыр. Бұл тізімге Майтөбе ауылы да еніп отыр.

Бұған дейін редакциямыз газсыз отырған ауыл тұрғындары шағым айтқан еді. Енді құрылыс жұмыстары белгіленген кесте бойынша аяқталса, Майтөбеліктер қыста көмір тасып әуре болмайды.

Майтөбелік Қуандық Сатыбалдиев биыл 75-ке толды. Ес білгелі, елдің тапқан-таянғанын жағып, қиындық көргені есімде, - дейді қария. Тау етегіндегі ауыл болғандықтан, жұрттың тонналап алған көмірі шақ келмейді. Бір үй қатты отынға кем дегенде 150-200 мың теңге жұмсайды, - дейді қария.

Қуандық Сатыбалдиев, Майтөбе ауылының тұрғыны:

- Кашек жағатынбыз. Одан кейін көмір шықты, көмір бізге келді. Содан кейін тезек жақтық. Сөйтіп өмір сүрдік қой. Оны кіргізудің машақаты көп, Тараз қаласынан әкелу, оны қариялар кейбіреулері үйінде адамы жоқтар түсіруі де ақырет.  Бұл елдің көптен күткен қуанышы ғой.

Қазір тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Майтөбе ауылына газ жеткізу үшін бюджеттен 863 миллион теңге бөлінген. Жұмыстар кестеге сай орындалса, 2350 тұрғын жыл соңына дейін көгілдір отынға қосылады.

Еркебұлан Кәрім, құрылыс компаниясының инженері: 

- Жұмыс қазан айында басталды. Кестеден кешігіп жатқан жоқпыз, керісінше кестеден сәл озып келе жатырмыз. Ауылдың ішінде 15 километр бар. Енді жалпы жұмыс бойынша алатын болсақ 85 пайыздай бітіп тұр ғой.

Бүгінде Жамбыл облысының 91 проценті газға қосылған. Биыл аймақта 12 жоба жүзеге аспақ. Оған республикалық және облыстық бюджеттен 16 миллиард теңге бөлінді. Жалпы аймақта газсыз отырған 83 елді мекенді табиғи отынға қосу үшін, кешенді жоспар жасалған.

Қазбек Қыдыров, облыстық Энергетика және ТКШ басқармасының бөлім басшысы:

- Оның 35 елді мекенінде қазір құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 31 елді мекенде қазірггі таңда халық саны 200-ден төмен болуына байланысты кейінгі жылдарға шегерілген. Қалған елді мекендерге жобалық сметалық құжаттама әзірленіп бюджеттік өтінім тапсырылатын болады.

Биыл Талас, Жамбыл мен Жуалы ауданының 9 ауылы көгілдір отынға қосылады. Республикалық қазынадан қаржы уақытылы бөлінсе, 2027 жылы өңір 100% газбен қамтылмақ.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә