Атырау облысында 9 ауылды құм басып қалуы мүмкін

Нарын, Тайсойған, Бүйрек шағылдары көп жылғы қуаңшылық салдарынан көшіп, елдімекендерге таяп қалды.

2019 жылы ауылдарды құмнан қорғау жобасы жасалып, сексеуіл егіле бастаған еді. 6 жылда 76 гектар алқапқа сексеуіл тұқымы себілді. Бірақ былтыр тұқымбақты су басып, жоба тоқтап қалды.

Нарын шағылынан көтерілген құм көшкіні Исатай ауылын жан-жағынан қоршап келеді. Ауыл шетінде тұратындар үй айналасын күнде күреп қызыл құммен алысып жүр.  Құм дауылы көз аштырмайтын өңір үшін құмның көшуі өзекті пробелемаға айналғалы 10 жылдан асты.

Зульфат Рамазанова, ауыл тұрғыны:

- Тоқтату жұмыстарын жүргізіп жатыр негізі. Сексеуіл гіп, бірақ бәрібір де құм басып жатыр ғой үйлерді.

Құм көшкінін кідірту үшін облыста 2019 жылы арнайы бағдарлама жасалып, ауылдардың айналасына сексеуіл егіле бастады. Олардың алды 2 метрге дейін көтеріліп қалған. Қазір Исатай ауылына егілген 9 гектар алқап көгеріп тұр. Бірақ сирек шығыпты.  Себебі, күтімі келіспей тұр,-дейді ауылдың байырғы тұрғыны Исабай Гинуллин.

Исабай Гинуллин, Исатай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Мен мекемелерге ренжимін. Қоршап сексеуілді отырғызып кетеді. Ал құрғақ топырақ үргеннен кейін сексеуіл өзінен-өзі жер бетіне шығып қалады. Тамырланып үлгермейді. Ең болмағанда отырғызғасын ағашты бір бойы күтіп баптап тамырланып кетсе, ол әрі қарай алып кетер еді.

Соңғы 6 жылда облыс бойынша 76 гектардан астам алқапқа сексеуіл егілді. Жыл сайын ол жұмыс жалғасып келе жатқан. Бірақ былтыр тоқырап қалыпты.

Нұрлан Жантоқов, облыстық Табиғи ресурстар басқармасының басшысы:

- Егілген 100 пайыздың 40 пайызы айналасында деп жобамен бекітілген. Негізі 2024 жылы біз ол жерге еге алмадық себебі су тасқыны кезінде тұқым бақтарымыздың көбі суға кетті. Соған байланысты еге алмай қалдық. Биылғы жылы Исатай ауданында қайтадан егу жұмыстары басталатын болады.

Атыру облысы бойынша құм көшкіні Исатай, Құрманғазы, Қызылқоға және Жылыой аудандарының 9 ауылына қауіп төндіріп тұр. "Басты себебі - көп жылғы қуаңшылық пен жасыл желектің аздығы", - дейді мамандар. Сондықтан жергілікті билік құм тоқтату жұмысын жандандырамыз деп отыр. Осы мақсатқа 2021 жылы бөліннген 600 млн теңгенің 340 млн игеріліпті. Келешекте тағы 200 гектарға сексеуіл егу қолға алынады.    

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин