Президент: әр істе темірдей тәртіп болуы қажет

Президент күрделі жағдайды жеке мүддесіне пайдаланып, қоғамға іріткі салғысы келетін адамдарға тосқауыл қойылуы керектігі туралы айтты.

«Ел мүддесіне қастық ойлаған адамдарға тұтас қоғам болып қарсы тұруымыз қажет. Басқа түскен қиындықтар артта қалады. Біз сын-қатерлердің бәрін еңсеріп келеміз. Бұл жолы да солай болмақ. Бастысы – бос сөзге ұрынбай, жасампаз болғанымыз дұрыс», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өз күшімізге ғана арқа сүйеп, барлық ресурсты ортақ мақсатқа жұмылдыруымыз керек. Бос сөзге ұрынып, байбаламға салынбай, жасампаз болғанымыз абзал. Әр азаматтың бойында жауапкершілік сезімі өте жоғары болуға тиіс. Қоғамда өзара тілеулестік болуы керек. Әр істе темірдей тәртіп болуы қажет. Сонда еліміз де орасан зор табысқа жетеді. Заң мен тәртіп – менің стратегиялық бағдарымның арқауы. Мен әр сөйлеген сөзімде осы қағидаттарға арнайы тоқталамын. Таза Қазақстан, Заң мен тәртіп, Адал азамат идеяларының өзегі де – осы.