Жайық жағасындағы үйлер көшіріледі
Оралдағы 10 үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріледі. Себебі Жайық өзені жыл санап жағалауды кеміріп, тұрғынжайларға жақындап келеді. Қазір қала әкімдігі жанынан арнайы комиссия құрылды.
Виктор Свягин Ет комбинаты ауданындағы Шүкіров көшесінде тұрады. Айтуынша, 2023-24 жылдардағы су тасқыны кезінде Жайық өзені 8 метрге жылжыды. Дарияның жақындап қалғаны сонша, ауланың оңтүстік бетіндегі қоршауын жұтып қойды.
Виктор Свягин, қала тұрғыны:
- Бұл үйде 2009 жылдан бері тұрамын. Әйелімнің айтуынша, оның бала кезінде өзен анау тал-теректер тұрған жерде болған. Сонда 55 жыл ішінде жағалау 200 метрге жылжыған. Әр көктемде өзен тасыған сайын су жағалауды кеміріп жатыр. Қазір жардың шеті ауламызға жетті. Енді бірнеше жылда баспанамызға да қауіп төнетін түрі бар. Сондықтан көшіруге келісеміз. Тек көпқабатты үйде емес, жеке жер үйде тұрғымыз келеді.
Қалалық әкімдік жанынан арнайы комиссия құрыды. Реквизиция 10 жер теліміне жүргізіледі. Оның алтауында үй бар. Бағалау жұмыстарынан кейін әр баспананың мәселесі комиссия отырысында жеке қаралмақ.
Абылай Нұрмақов, Қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Тұрғын үй қатынастары туралы заң, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексіне сәйкес, Мемлекеттік мүлік туралы заңына сәйкес барлық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл үйлер мемлекет меншігіне алынып, орнына меншік иесіне қайтадан жаңа үйлер беріледі.
Егер тұрғындар көпқабатты үйден пәтер алуға келіспесе, ескі үйлері мен жер телімдерінің бағалаушылар бекіткен нарықтағы құнына сай қаржылай өтемақы берілмек.