Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі қабірхана есігі қалпына келтірілді

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі қабірхананың қапсырма ағаш есігі  жаңғыртылды.

XIV ғасырдан бері сақталған құнды жәдігер 2018 жылға дейін қолданыста болды. Ғылыми-зерттеу жүргізіліп, көне  есіктің сапасының сыр бере бастағаны анықталған еді. Ішін зиянкестер кеулеп, ағашын мүжи бастаған. Жәдігер Алматыдағы ғылыми-реставрациялық зертханада қалпына келтірілді. Жаңғырту жұмыстарын зертхананың суретші-реставраторлары жүргізді. Реставрациядан өткен есікті Түркістанға әкеліп, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейіне қойды. Ал оның орнына қабірханаға есіктің көшірмесі орнатылды. Түпнұсқаның өзі жаңғақ ағашынан жасалып, алтын, күміс және піл сүйектерімен зерленген. Есіктің жиегін айнала «П» әрпі тәрізді істелген қоладан жолақтар бар. Олар алтыннан жасалған медальондармен және сульс үлгісіндегі каллиграфиялық жазулармен өрнектелген.  

Рахия Жүзбаева, «Әзірет сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің көрме ұйымдастырушысы:

- Есіктің бетіндегі ою-өрнек ол қайталанбас қолөнер туындысы екендігін көрсетеді. Осындай шебер өрнекпен ойылған есіктер Қазақстан мен Орта Азия жерінде кемде-кем, кездеспейді деп айтсақ та болады. Сондықтан біздің музейміздегі ең құнды экспонат. Бізде бұндай есіктердің екеуі сақталған. Оның бірі – қазандық бөлмесінің есігі, үлкен қақпасы. Оны да 2024 жылы зертханаға алып кетті. Ол да осы жақын арада қайтып келу керек. Музей экспозициясын екінші есікпен толықтырамыз деп күтіп отырмыз.