М. Әшімбаев: қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту маңызды

Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жолында барлық қазақстандықтың күш жұмылдыруы маңызды.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деді. Ол  Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXXIV сессиясында Президент жүктеген міндеттерге назар аударды. Сондай-ақ  Мемлекет басшысының реформалар бағдарын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету Сенат қызметіндегі негізгі басымдық екенін айтты. Әрі палата жұмысының алдағы бағыттарына тоқталды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Бүгін Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясын өткізді. Сессия барысында этносаралық қатынастар саласындағы тиімділігін арттыруға арналған нақты тапсырмалар берді. Бұл міндеттердің сапалы әрі уақтылы орындалуы «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының және жалпы Сенаттың назарында болады. Осы бағытта депутаттардың барлық мүдделі тараппен жүйелі диалог құруының маңызы зор.