ШҚО-ның санитарлық авиация дәрігерлері өңір аудандарына 19 рет ұшқан
Шалғай ауылда науқасқа жедел медициналық көмек қажет болса, әуеге санитарлық авиацияның ұшағы көтеріледі.
Биыл Шығыс Қазақстан облысының санитарлық авиация бригадалары өңір аудандарына 19 рет ұшқан. Тікұшақ арқылы тауда жараланған турист құтқарылса, аяғы ауыр әйелдер, жаңа туған сәбилер перзентханаға уақытылы жеткізілді. Сонымен қатар жол апатынан зардап шеккендерге дереу көмек көрсетілді.
Өңірлік санитарлық авиация қызметінің басшысы Рафаиль Халитов қызметтте өте талапшыл адам. Оның бригадасы шалғай ауылға шұғыл жету үшін әуеайлағына аттанды. МИ-8 бен АН-2 облыстың кез келген түкпіріне бірнеше сағатта жеткізеді. Шығыс Қазақстандағы автомобиль жолдарының 12 мың шақырымы таулы аймақта орналасқан. Сол себепті жол апаты болған жағдайда зардап шеккендерге жетуде санитарлық авиацияның көмегі көл-көсір.
Рафаил Халитов, Санитарлық авиация бөлімшесінің басшысы:
- Облыстың жер аумағы өте көлемді болғандықтан санитарлық авиация қызметінің маңызы зор. Оның көмегімен аяғы ауыр әйелдерге, науқастанып қалған кісілерге, сәбилерге дер кезінде көмек беріледі.
Былтыр медицина қызметкерлерінің борты 88 рет әуеге көтеріліп, жүздеген адамға жәрдем көрсетті.
Ал биыл 19 рет шұғыл ұшқан. Бірде тіпті салмағы 900 грамм болып дүниеге келген егізді шақалақ пен ана орталыққа жеткізілген. Мұндай жағдайлар жиі болады, - дейді фельдшер Назым Бейсембаева. Ол санитарлық авиация қызметінде 20 жыл бойы еңбек етеді.
Назым Бейсембаева, санитарлық авиация фельдшері:
- Ауыл жақтан районный больницалардан медавиация арқылы тікұшақпен, самолетпен тасымалдауымыз бізге өте, науқастарға ыңғайлы, өйткені жолдың ұзақтығына байланысты науқастар тез жеткізіледі, тікұшақпен және самолетпен.
Олег Алфеев, ұшқыш:
- Біздің қызметте шұғыл шешім қабылдап, әрекет ету маңызды. Адам өмірін сақтап қалу үшін әр минут құнды. Бригадамыз өздеріне жүктелген жұмысты ойдағыдай атқарып жүр.
Биыл өңірлік санитарлық авиация қызметінің жылдамдығы мен қолжетімділігі арта түсті. Бұған дейін тек тікұшақпен шектеліп келген дәрігерлер бригадасы АН-2 үлгісіндегі ұшақпен толықты. Бұл уақытпен тексерілген сенімді техника. Басты артықшылығы - топырақ жолдан көтеріліп, әрі шағын ауылдарға қонуға бейім болатыны.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин