ШҚО-да 8 елді мекенде тасқын қаупі сейілмей тұр
Шығыс Қазақстан облысында 8 елді мекенде тасқын қаупі әлі сейілген жоқ. Ол аумақтарды мамандар тәулік бойы бақылауда ұстап отыр. Өңірге жұмыс сапарымен барған Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев тасқынға тосқын шараларын тексерді.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, 132 су шаруашылығы нысаны штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Вице-премьер Өскемен қаласындағы жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Мұнда су тасқыны жағдайы цифрлық карта арқылы бақыланады. Қанат Бозымбаев тиісті органдарға су тасқынының үшінші толқынына дайындықты күшейту жөнінде бірқатар тапсырма берді.