Астаналық полицейлер мен еріктілер флешмоб өткізді

Астанада полицейлер мен еріктілер «Таза Қазақстан», «Астана – ескірткісіз қала» және «Заң мен тәртіп» бастамаларын тоғыстырды. Олар оқушылардың қатысуымен флешмоб өткізіп, акциялардың мазмұнын айшықтай түсті.

Флешмоб «Қазақстан күні» монументі алдында ұйымдастырылды. Оған 300-ден астам оқушы шақырылған. Полицейлер мен еріктілер жасөспірімдерге жалпыұлттық бастамалардың мән-маңызын түсіндірді. Өз кезегінде жасөспірімдер акцияларға қолдау көрсетіп, үндеу жолдады.

Асылхан Зарифхан, «Жер елшілері» қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі:

- «Астана – есірткісіз қала» деген жай ғана сөз емес, себебі біздің болашағымыз өзіміздің қолымызда. Егерде біз балаларға жас кезден үйретсек, олар мұның (есірткінің) зиянын, мұны не себепті қолдануға болмайтынын түсінгеннен кейін болашақта қолданбауға тырысады. Осы арқылы біз өзіміздің болашағымызды жарқын етеміз. Халықты жинап, оқушыларды жинап, осының зиян екенін көрсетіп, басқаларға көрсетіп, әртүрлі іс-шара ұйымдастырамыз.

Елордада есірткі қылмысына қарсы кешенді жоспар жүзеге асырылып жатыр. Биылдың өзінде тәртіп сақшылары 100 келіден астам еліткіш зат тәркілеген. Қылмыскерлер арасында 4 жасөспірім бар. Полицейлер есірткімен күрес шараларына қоғам болып жұмылуға шақырды.

Руслан Ғазизов, қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:

- Ата-аналарға айтарым, тәрбие ең алдымен отбасыдан басталады. Балалардың іс-әрекетін үнемі назарда ұстаған жөн. Өйткені есірткі тасымалдаушылар балаларды пайдаланып жатыр. Әсіресе әлеуметтік желі арқылы байланысқа шығуы мүмкін. Біз кешенді жоспар аясында тиісті іс-шараларды қабылдап жатырмыз. Дегенмен бұған қоғам болып атсалысу қажет деп ойлаймын.

Полицейлер мен еріктілер мазмұнды шараны экологиялық акциямен түйіндемек. Олар сенбіліктерге шығып, қаланы қоқыстан тазартуға үлес қосады.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Ғалымжан Әбділахат