Ақтөбеде «Ауыл ойындары» жарысы ұйымдастырылды
Ақтөбеде ұлттық спорт түрлерінен «Ауыл ойындары» өтті.
Додаға батыс өңірдегі 4 облыстың спортшылары қатысты. Асық ату мен ләңгі тебуден және садақ ату, арқан тартыс секілді ел ішінде ежелден тараған ойын түрлерінен үздіктер анықталды. «Ауыл ойындарына» студент жастар шақырту алған. Батыс Қазақстан облысынан келген Нұрым Бисенбай жоғары оқу орнының спорт факультетінен. Болашақ бапкер бала күнінен ләңгі теуіп өстім дейді. Сондықтан қазақ күресімен қатар ептілікті шыңдайтын ләңгі тебуден де сынға түскен.
Нұрым Бисембай, студент:
- Бір «әттеген-ай» дейтіні бар. Сыртта болды. Желмен ыңғайсыз. Өзімнің қалағандай ұпай жинай алған жоқпын. Орал қаласында іріктеу болғанда бұдан да көп жинадым негізі. Мұнда 80, ал Оралда 360-тың үстінде болды ғой. Енді бұйырғаны сол.
Атыраудан келген Қымбат Жұмабаева бұл сайысқа қатысып жатқан жалғыз қыз. Садақ ату спортының арулар арасында кең таралғанын қалайды. Болашақта жеткіншектерді «Жамбы атуға» баулып, көздегенін мүлт жібермейтін мерген спортшы тәрбиелеп өсіруді мақсат еткен.
Қымбат Жұмабаева, студент:
- Ең бірінші аттың үстінде жамбы атумен айналыстым. Қазір екеуін бірге алып жүрмін. Дәстүрлі садақ ату жақсы дамып келе жатыр деп ойлаймын. Өйткені бұрынғыға қарағанда қазір жақсы көңіл бөлініп келе жатыр бізге де, тренерлеріміз бар.
«Ауыл ойындары» жарысына қатысқан 160 спортшы ұлттық спорттың 7 түрі бойынша шеберлік байқасты. Қазақ күресі, арқан тартыс, асық ату мен тоғызқұмалақтан үздіктер анықталды. Жарыс кестесіне бұқаралық спортқа айналған футбол да енгізілген.
Нұртас Байжанов, «Ауыл» партиясының Атырау облыстық филиалының төрағасы:
- Оңтүстік өңірде бастау алды. Қазір Ақтөбе облысында жалғасып жатыр. Ауыл ойындарының маңыздылығы – мына облысаралық студенттердің бір-бірімен ынтымақтастығы, одан бөлек денсаулық кепілі. Жастардың жалпы ұстанымын, өмірге дейтін, қоғамға дейтін белсенділігін арттыру мақсатында бұл жалғасын таба береді алдағы уақытта.
«Ауыл ойындары» енді еліміздің солтүстік және шығыс аймақтарында ұйымдастырылмақ. Жүзден жүйрікті анықтайтын ақтық сын жыл соңында Астанада өтеді.