Маңғыстау облысында білім сапасын арттырудың кешенді жоспары бекітілді
Маңғыстау облысында алдағы 4 жылға арналған білім сапасын арттырудың кешенді жоспары бекітілді.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен өткен кеңейтілген жиында тиісті құжатқа қол қойылды. Жоспар бойынша 2029 жылға дейін 21 білім ордасын жаңғырту, жыл соңына дейін 9 жаңа жайлы мектеп салу, балабақшамен қамтуды 100 пайызға жеткізу және 78 мектепке бейнебақылау жүйесін орнату көзделген. Мемлекет басшысы Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында өңірдің білім сапасын сынға алып, бұл саладағы жұмыстарды жандандыруды тапсырған еді. Жоспарда тәрбиеден бастап техникалық және кәсіптік білімге дейінгі барлық деңгей қамтылған. Оның аясында инфрақұрылымды жақсарту, білім мазмұнын жаңарту, педагог кадрлардың әлеуетін арттыру, басқарушылық менеджментті жетілдіру және ұлттық бағалау жүйесін дамыту сынды негізгі бағыттар анықталды.