Қаражалда кәріз жүйесі жаңғыртылып жатыр
Қаражал қаласының кәріз жүйесін жаңғырту қыркүйек айына дейін аяқталады, деп хабарлайды 24KZ. Құрылыс 3 жыл бұрын басталып, арасында жұмыс тоқтап қалды. Себебі қымбатшылыққа байланысты жобаға түзету енгізілді. Қазір мердігер жұмыстың 75% аяқтады. Жоба іске қосылған кезде қосымша 2 мың абонент жаңа желіге қосылады.
Кәзір жүйесінің құрылысы 2022 жылы басталды. Қажетті материалдардың қымбаттауына байланысты жобаға өзгертулер енгізілді. Осы аралықта құрылыс тоқтап тұрды. «Мердігер компанияның қазіргі қарқыны жаман емес», – дейді жауаптылар. 23 шақырымнан астам құбыр жүргізілді. Жобаның жалпы құны 3 млрд теңгеден асады.
Ерлан Сыздықов, мердігер мекеме өкілі:
- Жұмыстың 75%-і орындалды. Қазіргі уақытта біз абоненттік желілерді тартып жатырмыз. Осыдан кейін магистральдық кәріз желілерін сорғы станцияларына қосу жұмыстарына көшеміз.
Кәріз желісін жүргізумен қатар мұнда сорғы станциясы мен кәріз қалдықтарын тазарту ғимаратының құрылысы да қатар жүріп жатыр. 10 мыңға тарта тұрғыны бар қалада қалдық суды тазалайтын қондырғы болмаған. Кәріз суы ашық әдіспен тікелей далаға төгіледі.
Светлана Милиус, Қаражал қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Біз тазарту қондырғыларын қазіргі заманғы талаптарды ескере отырып жобаладық. Кәріз суы микроорганизмдердің көмегімен биологиялық тазартудан өтеді. Бөлінген қалдықтарды бақшаға тыңайтқыш ретінде қолдануға болады. Ал қайта өңдеуге жарамсыз қалдықтар қоқыс полигонына шығарылады.
50 шақырымды құрайтын ескі кәріз жүйесіне 800-ден астам нысан қосылған. Жаңадан құбыр салу кезінде ескі желі бұзылмайды. Толық іске қосылған соң бұрынғы жүйе қосалқы желі ретінде сақталады. Ал жаңадан түсетін құбырлар қосымша 2000 абонентке қызмет көрсетеді. Жаңғырту жұмыстары алдағы қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева