Ақтөбеде жаңа 11 саябақ салынады
Ақтөбеде биыл 11 жаңа саябақ салынады. Бұған жергілікті қазынадан бір тиын да бөлінбейді.
Демалыс орындарды ашуға жергілікті кәсіпкерлер үлес қоспақ. Олар қараусыз қалған бос жерлерді игереді. Сәңкібай батыр даңғылы бойындағы бұл жер көрікті саябаққа айналады. Қазір жұмысшылар қураған бұтақтарды кесіп, техникамен айналасын тегістеп жатыр. Жаяу жүргіншілер жолы пайда болып, жарық жүйесі тартылады. Орындықтар мен шағын сәулет нысандары орнатылады.
Арыстанбек Жұмабаев, кәсіпкер:
- Балаларға арналған екі ойын алаңы болады. Орнатылатын жабдықтардың сапасы ерекше назарда болады. Саябақ болашақта көпшіліктің сүйікті демалыс орнына айналады деген үміттенемін. Демалыс орнын паназиялық, жапон стилінде жасағымыз келеді. Қазір дизайн үлгілерін іріктеп жатырмыз.
Саябақ құрылысына бірнеше кәсіпкер үлес қосады. Ауданы 9,5 мың шаршы метр болатын демалыс орнын абаттандыруға шамамен 140 млн теңге қажет. Жасыл желекті суару үшін құдық қазылып, қураған тал-теректің орнына қосымша 200 көшет егіледі.
Олеся Москалёва, Ландшафт дизайнері:
- Канадалық үйеңкі, алтын қарақат пен гортензия, өрік, шие, алма ағаштарын егеміз. Олар шамамен төрт жылдан кейін жеміс береді. Осы маңдағы аула балалары жеміс-жидек теріп, қызықтайтын болады.
Былтыр қаладағы бес саябақ іскер жандардың күшімен абаттандырылды. Биыл да бұл жұмыс жалғасын тапты. Жаңадан салынып жатқан шағын аудандармен қатар қаланың ескі бөлігінде де демалыс орындары пайда болады. Кәсіпкерлердің қаражатына тұрғызылған саябақтар кейін мемлекет меншігіне өтеді.
Азамат Бекет, қала әкімі:
- Олардың барлығы да қаланың балансында болады. Және де күтіп ұстау ол жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражатқа. Қазір қаланы таза ұстау мақсатында біз жылдан жылға техникалық паркымызды өсіріп жатырмыз. Былтырдың өзінде 200-ге жуық техника алынған болса, биыл 43 техника аламыз ба деп жоспарлап отырмыз.
Жалпы «Таза Қазақстан» акциясы аясында биыл Ақтөбеде 70-ке жуық саябақ пен гүлзар қоқыстан тазартылып, 4 мыңға жуық көшет егілді.