Көкшетаулық Юрий Кочетыгов қазақтың 80-ге жуық күйін біледі
Көкшетауда қазақтың 80-ге жуық күйін білетін орыс баласы тұрады, деп хабарлайды 24kz.
Құрманғазы, Нұрғиса Тілендиев, Секен Тұрысбековтың сынды дәулескер күйшілердің туындыларын нақышына келтіре орындайды. Өнерлі өрен мемлекеттік тілде де мүдірмей сөйлейді. Көптеген халықаралық, республикалық байқауларда топ жарып жүр.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Бұл – күй атасы Құрманғазының атақты «Адай» күйі. Қазір Юрийдің репертуарында осындай рухты күйлер өте көп. Өнерге қатты қызыққан өнерпазды 10 жасында ата-анасы музыкалық мектепке әкеледі. Сол кезде түрлі аспаптардың ішінен орыс баласы қазақтың домбырасын таңдайды.
Юрий Кочетыгов, күйші:
- Домбыра мені өзінің үнімен, өзінің зор дыбысымен қызықтырды. Енді білмеймін, өзіме қатты ұнады осы аспап.
Юрий – кәсіби күйші. Олай деуге толық негіз бар. Өйткені ол музыкалық мектепті тәмәмдағасын бірден Біржан сал атындағы музыкалық колледжде домбырашы мамандығын меңгерген. Ал, оның ұлттық аспапқа деген махабаты үйдегі қарындасына да әсер еткен. Қазір ол да ағасының жолын қуып, домбырада ойнайды.
Юрий Кочетыгов, күйші:
- Біздің отбасы сондай өнерлі отбасы. Менің Злата атты қарындасым бар. Ол да мен сияқты №3 қазақ мектебіне барды. Сосын музыкалық мектепке барып, домбырға түскен.
Қазір жас күйші шаһардағы мәдениет ошақтарының бірінде қызмет етеді. Юрийдің бойындағы өнер мен домбыраға деген құрметін әріптестері де жоғары бағалайды.
Жалғас Тұйғынбеков, «Достар» мәдениет сарайының әдіскері:
- Ең бір қасиеті – оның қазақ тілде еркін сөйлейтіні. Одан кейін ұлттық аспап – домбыраны толық игергені. Сол аспаптың құлағында ойнайды ғой. Сол көңілімнен шықты. Жұмыста да өте жауапкершілігі мол. Берілген тапсырмаларды уақытында орындайды.
Өнер ұлтқа бөлінбейді. Қос ішектен күмбірлете күй төккен кейіпкеріміз соның айқын дәлелі. Ал. Юрийдің басты арманы – қазақтың домбырысын әлемдік аренада ойнап, баршаға паш ету. Ол келешекте өзінің жеке музыкалық мектебін ашуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко