Трансшекаралық өзендер ашыла бастады

Жайық, Қиғаш өзендерінің түбін тереңдету жұмыстары биыл да жалғасады.

Бүгінге дейін қос өзенде 130 шақырымға жуық арна аршылған. Бастауын Ресейден алатын трансшекаралық өзендер кейінгі 10 жылда тартылып барады, тіпті кей тұсы 45-50 см-ге дейін таяздап кеткен. Бұның барлығы өңірдегі балық өнеркәсібі мен мал шаруашылығын дамытуға қолбайлау болып тұр.  2019 жылы басталған жоба биыл күзде аяқталады деп жоспарланып отыр.

«Бастауын Еділден алатын Қиғаш өзені соңғы 10 жылда судың тапшылғынан  тартылып кетті. Бір кезде балығы тайдай тулаған арналардың тереңдігі кей жерлерде 45-50 см-дан аспайды.  Бұл балық өнеркәсібіне де, мал шаруашылығын дамытуға қолбайлау»,- дейді малшылар

Қанатбай Әбдірахым, Шаруа қожалығының жетекшісі:

- Бұрын енді мына өзектердің бәрі толып тұратын еді жаз бойы. Қазір енді нашарлап кетті су. Жайылыста суға кеп тіреледі. Балық та суға кеп тіреледі. Жалпы енді қазғаны жақсы ғой. Соған сәйкес су келе қойса.

Осыған орай ауданда 2019 жылы қолға алынған түп тереңдету жұмысы бүгінде 80 пайызға аяқтала келді. Күні бүгінге дейін 100 шақырымдық арнаның 77 шақырымы аршылып, 2 метрге дейін тереңдеді.  Мына қалқымалы қондырғы тәулігіне су түбінен  1,5 мың текше метрге дейін лай шығара алады екен.

Бауыржан Нұрғалиев, Мердігер мекеме өкілі:

- Бұйырса тағы Астанадан тасымалдап жатырмыз земснарядтарды, тағы әкеледі. «Уатеркинг» деген су үстінде тұрып қазатын экскаватор әкелінеді. Кезең-кезеңімен жасалып жатқан жұмыстар. Тағы да екінші бөлігі бар жоспарда. Онда шақырымы көптеу. 143 шақырым.

Бүгінде Қиғаш өзені бойынша 5 учаскеде жұмыс жүріп жатыр. Түп тереңдету жұмыстары аяқталғанда 36 мыңдай тұрғыны бар 9 ауылдық округке су барады деп күтілуде.

Түп тереңдету жұмыстары Жайық өзені мен Каспий теңізінің сағаларында да жүріп жатыр. Былтыр Каспийге құятын сағаларда 10 шақырымның үстінде түп тереңдету жұмысы аяқталған. Ал Жайық өзенін аршу жалғасуда.

Нұрберген Құсайынов, облыстық Құрылыс басқармасының басшысы:

- Жайық өзенін тазартуға арналған қаражат 5 млрдтың үстінде, Бұл жерде 55 шақырым түп тереңдету жұмыстары жүргізіледі. Күні бүгінге 52 шақырымы толықтай жүргізіліп болды.

Жалпы облыс бойынша қос өзен мен теңіз сағасын аршуға респбуликалық және жергілікті бюджеттен 20 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген.Ол қаражатқа Қиғаш пен Жайық бойында 130 шақырымға жуық арна аршылды. Жоба толық аяқталғанда  өзен арналары 2-2,5 метрге дейін тереңдеп, су көліктерінің қатынауына игі ықпал етеді. Сондай-ақ өңірдегі мал және егін шаруашылығы үшін қолайлы жағдай қалыптасапақ.