СҚО-да тасқынға қарсы тұрғызылған бөгетке зақым келді
Есіл өзеніндегі су деңгейінің көтерілуінен Солтүстік Қазақстан облысының Большая Малышка ауылындағы тасқынға қарсы тұрғызылған бөгетке зақым келді, деп хабарлайды 24KZ. Абырой болғанда, Ұлттық ұланның 6637 әскери бөлімінің 100-ден астам сарбазы көмекке келді. Олар Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен бірлесе саңылауды бітеу жұмыстарына атсалысты.
Бұған дейін Тепличный ауылында ұзындығы шамамен 2 шақырым болатын бөгетті нығайту үшін Ұлттық Ұланның мыңнан астам әскери қызметкері жұмылдырылған болатын. Олардың қатарында Ұлттық ұлан академиясының курсанттары да бар.
Біржан Тоқтарбек, Ұлттық ұлан академиясының курсанты:
- Біз өзіміздің күшімізді көрсетіп, күн-түн демей жұмыс істеп жатырмыз. Яғни күніне біз 3 мыңдай инертті қап-қаптап, өзіміздің көмегімізді тигізіп жатырмыз. Қазіргі таңда екі ауысымда жұмыстар атқарып, халыққа көмек көрсету үстіндеміз.
Тимур Қайырханов, Ұлттық ұлан академиясының курсанты:
- Дамба көтеріп, ұлғайтып жатырмыз. Осы істеп жатқан ісіміз халыққа қызметін тигізеді деген ойдамын.