Қарағандылық Вайнахтар көмір өндірісіне өлшеусіз үлес қосты
Қарағанды көмір бассейніндегі қара алтынды игеруге шешендер мен ингуштер де өлшеусіз үлес қосты.
Осыдан 81 жыл бұрын қазақ жеріне жүздеген мың шешен мен ингуш депортацияланды. Зұлмат жылдарды бастан өткергендірдің бірі Сулим Исакиев. Қазақстанға жер аударылғанда 5 жаста ғана еді. Қуғынға ұшыраған халыққа жасаған қамқорлығын көрген қария бауырмал қазақ еліне бас иеді.
Сулим Исакиев анасы мен 3 ағасы және 3 қарындасымен бірге қазақ жеріне депортацияланған. 1944 жылы Қарағандыға келіпті. «Жүк пойызымен ұзақ жолдан азып-тозып, қарулы солдаттардан небір жауыздықты көріп жеттік» ,-деді қария.
Сулим Исакиев, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі ақсақалдар кеңесінің төрағасы:
- Өте ұзақ жүрдік. Кавказ жерінен жолға қыста шыққанбыз. Жүк пойызының вогондары аңғал-саңғал, өте суық болды. Біраз адам суықтан, аштықтан, түрлі аурудан көз жұмды. Шамамен наурыз айында Қарағандының қазіргі Сұрыптау станциясына жеттік. Сол жерден қуғынға ұшырап бізге дейін келген жұртқа әкеліп қосты. Олар қала сыртындағы барактарда тұрды. жағдайы өте ауыр еді. Бізге қазақтар соңғы нанын бөісті, үлкен қамқорлық көрсетті.
Сулим Исакиев Қазақстанды екінші туған жері санайды. Әскерден соң көмір шахтасында еңбек етті. Ауыр жұмыста жүрсе де кешкі мектепке жазылып білім алыпты. Кейін жағдай түзеліп шешендер мен ингуштардың біразы атамекеніне қоныс аударыпты. Ал Сулим ақсақалдың әулеті қазақ жерін қимай қалып қойған. Қазір ол «Вайнах» этномәдени бірлестігінің ақсақалдар кеңесін басқарады. Қазақстан Халқы Ассамблеясының қоғамдық жұмысына , ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосып жүр.
Сулим Исакиев, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі ақсақалдар кеңесінің төрағасы:
- Қазақстан халқы ассамблеясы әлемде жоқ қоғамдық институт. Еліміздің ынтымағы мен бірлігін арттыруға ұлкен үлес қосып отыр. Соның ең бастауында тұрған бауырмал қазақ халқына басымды иемін. Қарағанды облысының өзінде 100-ден астам ұлт өкілдері тұрады. Индустриялды өңірдің халқы тату-тәтті өмір сүруде. Біз осы бейбіт күнімізді, бірлігімізді бағалауымыз керек!
Бүгінде 86 жасқа келген қоғам белсендісі Сулим Исакиевтің есімі көпке мәлім. Қария қазақтың салт-дәстұрін өте жақсы біледі. Ол басқаратын ақсақалдар кеңесі әсіресе жастардың тәрбиесіне көп көңіл бөледі.
Мути Махаев, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары:
- Депортация шешен-ингуш халықтарының тарихындағы ең үлкен трагедиялардың бірі. Сол қиын-қыстауда қолдауды сезінген әрбір жанның жүрегінде қазақ халқына ризашылық сезімі ұялады. Біздің шешен-ингуш этномәдени бірлестінің құрамында ақсақалдар кеңесі бар. Сол ақсақалдар кеңесінің атқарып жатқан жұмыстары өте ауқымды. Олар жастарға өздерінің дұрыс жолын айтып, көрсетіп тұрды.
Тарихи деректерге сүйенсек арнайы операция кезінде Қазақстанға бірнеше күн ішінде 400 мыңнан астам Кавказ халықтарының өкілдері депортацияланған. Соғыс жылдары Қарағанды көмір бассейніне жұмысшы күші жетіспеді. Қуғынға ұшырап өндірісті өлкеге келген шешендер мен ингуштардың басым дені шахтада еңбек етті. Олардың қара алтын өндірісіндегі қажырлы еңбегі туралы Сулим Исакиевтің қызы кітап жазған.