Биыл 188 ауылда медициналық нысан салынады

Жыл соңына дейін 200-ге жуық ауылда медициналық нысан салынады.

Сондай-ақ елді-мекендерге 100-ден аса дәрігер мен маман жіберу көзделіп отыр. Мұның бәрі “Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылады. Иә, шалғайдағы ағайынның игілігіне бағыттылған ауқымды жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Бірақ түйінді түйіткілдер де жоқ емес. Бұл мәселе бүгін Үкімет отырысында қаралды. Ауылдықтар медицинаға мұқтаждықтан қашан арылады? Салада қандай мәселе бар? 

Әу баста, ұлттық жоба аясында 655 ауылды медициналық нысанмен қамтып, 32 ауданға аурухана салу жоспарланған еді. Міне, арада аз уақыт өтсе де, жоба жеміс бере бастады. 467 елді-мекендегі ғимараттың құрылысы аяқталды. Айта кету керек, 175 нысан бұрын-соңды медициналық ғимараты болмаған ауылдарда салынған.

Ақмарал Әлназарова, ҚРДенсаулық сақтау министрі:

- Нысан бұрын  медициналық ғимараттармен қамтылмаған ауылдарда, ал 292 нысан ескірген және бейімделген үй – жайлардың орнына салынды. Осылайша, 80 мыңнан астам азаматтар қосымша медициналық көмекке қол жеткізді. Бұл шаралар ауыл тұрғындары үшін қосымша 456 күндізгі стационар төсек орындарын орналастыруға мүмкіндік берді.

Бірақ мұнымен тоқмейілсуге болмайды. Алдағы жоспар ауқымды. Ұлттық жобасы аясында қалған 188 нысан осы жылдың соңына дейін аяқталу керек.  Міндет мінсіз атқарылса,  шамамен 1 млн-ға жуық ауыл тұрғындары қолжетімді алғашқы медициналық-санитариялық көмекпен қамтылады деп күтілуде. Алайда Үкімет басшысы Олжас Бектенов кей өңірде мәселе бар екенін жеткізіп, құрылысқа қарқын қосуды тапсырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Жетісу, Ұлытау, Жамбыл, Ақтөбе, Ақмола және Қарағанды облыстарында құрылыс қарқыны тым баяу. Мысалы, Ақтөбе, Жамбыл, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарында осы күнге дейін 6 объект бойынша жобалық құжаттама әзірленбеген. Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Ұлытау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында 8 жоба бойынша мемлекеттік сараптама дайын емес. Өңір әкімдері биыл жоспарланған барлық медициналық объектілерді мерзімінен кешіктірмей іске қосуды қамтамасыз етсін. Сондай-ақ бұл жұмыстың сапасына теріс әсерін тигізбеуі тиіс.

Ұлттық жобаны жүзеге асыруға заңсыз қайтарылған активтер қолданылып жатыр. Бұл туралы Үкімет басшысы мәлімдеді. Оның  Арнаулы мемлекеттік қордан активтерді қайтару аясында 31 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Үкімет тарапынан алғашқы медициналық-санитариялық көмек объектілерін салуға республикалық бюджеттен шамамен 120 миллиард теңге, ал аудандық ауруханаларды қайта жаңғыртуға 31 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша заңсыз иемденілген активтерді қайтару есебінен толықтырылып жатқан Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты да ұлттық жобаны іске асыруға бөлінді. 145 алғашқы көмек объектісі мен 13 ауданаралық аурухана құрылысына 31 миллиард теңгеден астам қаражат салынды.

Отырыс барысында ауылдарға емхана салып ғана қоймай, білікті мамандар тарту мәселесі де қаралжы. Министр қосымша көмектер жайлы айтып, бұл іске де жауапкершілікпен қарауға шақырды. Жалпы, ауылдарды медициналық нысанмен қамту биыл аяқталады. Ал аудандаржағы аурухана құрылысы келесі жылы да жалғасады. Осылайша, ауылдағы ағайынның басты мұңына айналған медицина мәселесі шешімін таппақ.