Соңғы 13 жылда Таяу Шығысқа 850 қазақстандық өз еркімен барған
2012 жылдан бері Сирия мен Ирак елдеріндегі қақтығыс аймағына Ресейден 7 мың, Өзбекстаннан 3,5 мың және Қырғызстаннан 2,5 мың адам өз еркімен барған, деп хабарлайды 24kz.
Ал Қазақстаннан кеткен азаматтардың саны мыңға да жетпейді. Елдегі көрсеткіштің салыстырмалы түрде аз болуы – жастар арасында діни радикализмге қарсы жүргізілген шаралардың нәтижесі. Бұл туралы Aqniet ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығының өкілдері елордада өткен өңіраралық диалог кезінде айтты. Дөңгелек үстел тақырыбы «Қақтығыс аймақтарынан қайтарылған азаматтарды соттық қудалау және қоғамға бейімдеу» мәселелеріне арналды. Жиынға АҚШ, Ирак, Малайзия, Марокко және Орталық Азия елдерінің мамандары қатысып, өзара тәжірибе алмасты.
Әлім Шауметов, «Aqniet ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» қоғамдық қоры директорының кеңесшісі:
- 2019 жылы өздеріңізге мәлім, Қазақстанда үҮкімет «Жусан» операциясын ұйымдастырды. Соның арқасында елімізге 754 азамат елге оралды. Оның ішінде 37 ер адам. Олардың жасы 18-ден жоғары. Олардың барлығы кезінде ДАИШ-тың қатарында соғыста болған. Олар келгеннен кейін соттың шешімімен 9 жылдан 18 жылға дейін сотталды.