Қазақстанға жер аударылған шешен халқы ел игілігіне еңбек етіп жүр
Өткен ғасырдың 30-40-шы жылдары қазақ жеріне тағдырдың жазуымен жарты миллионға жуық шешен ұлтының өкілдері күштеп жер аударылды. Бүгінде сол бір зұлмат жылдардың куәсі болған ұрпақ қазақ топырағында тамырын тереңге жайып, ел игілігіне еңбек етіп жүр. Солардың бірі – Жетісу облысы Кербұлақ ауданындағы Нұрым ауылында тұратын Халим Ашаханов. Қазақ халқының қиын шақтағы көмегін ешқашан ұмытпаған ақсақал ел тарихын қадірлеуді, өткеннен сабақ алуды жас буынға аманаттап жүр.
75 жастағы Халим Ашаханов – қара жермен табысып, маңдай терін ел игілігіне арнаған еңбек адамы. Ол ауыл шаруашылығы саласында саналы ғұмырын өткізіп, жер-ананың қасиетін жан-тәнімен түсінген жан. Кезінде совхоз жүйесі күйреп, көпшілік тығырыққа тірелген тұста Халим ақсақал батыл шешім қабылдап, жеке шаруашылығын құрды. Содан бері дәнді-дақыл егіп, егістік алқаптарының өнімділігін арттырып келеді. Еңбегі елге ырыс, жерге береке болып, ауыл экономикасына өз үлесін қосып жүрген ардагердің өмір жолы – жастарға үлгі.
Халим Ашаханов, Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы:
- Адам үнемі жұмыс істеу керек. Жұмыс істеген адамның денсаулығы жақсы, ғұмыры ұзақ болады. Менің өмірім осы жермен байланысты.
Халим ақсақалдың ата-бабасы дәулетті отбасы болыпты. Сол үшін ата-анасы 1937 жылы қуғындалып бастапқыда Өзбекстанға жер аударылған. Көрші елде тұрақтай алмай туған жеріне қайта оралған соң Қазақстанға көшірілген.
Халим Ашаханов, Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы:
- Әкем Қазақстанға келгеніне шүкіршілік етіп отыратын. Біз тұратын Алтынемелдің етегін киелі жер деп айтатын. Себебі бастаулары көп. Киелі адам жүргендіктен, қайнар бұлақтары көп дейтұғын. Менде ауылымды жақсы көрем. Осы жерден ешқайда кеткім келмейді.
Тастыбастау ауылында туып өскен Халим ақсақал — ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің жарқын үлгісі. Ол аудандық және облыстық деңгейдегі қоғамдық шараларға белсене қатысып, ел ішіндегі татулық пен ынтымақты нығайтуға аянбай үлес қосып жүр. Көпжылдық еңбегі елеусіз қалған жоқ. Халим қария түрлі мемлекеттік және қоғамдық марапаттарға ие болып, «Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы» атанған.
Нұрбақыт Ахметбекұлы, Тастыбастау ауылының тұрғыны:
- 53 жылдан асып кетті, бірге тұрамыз. Көрші. Аралас құралас туыс болып кеттік десек болады. Біздің қазақ халқында көрші туыстай болады. Мына кісінің інісі ауылымызға мешіт, мектеп салып берген. Ол кісілеріміз арақатынасымыз жақсы.
Халим Керімұлы жары Муисат Әбуталиповамен екі бала өсіріп ер жеткізді. Үлкені отбасымен қалада тұрса, кішісі ірілі-ұсақты мал өсіріп, әке жолын жалғастырып келеді.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев