Аналар кеңесі аймақтарда жалпыұлттық жобаны іске асырып жатыр. LIVE

Біз бағанадан Ақсақалдар кеңесі туралы сөз қозғап жатырмыз. Ассамблеяның жанында дәл осындай Аналар кеңесі де жұмыс істеп келеді. Бұл кеңес те қазіргі таңда елдегі барлық қоғамдық шараларға өте белсенді қатысады. Оның да жұмысын естіп, көріп жүреміз.

Ассамблея жанындағы Аналар кеңесі алғаш 2013 жылы құрылды. Аналар кеңесінің бірінші республикалық форумы 2014 жылы Астанада өтті. Бүгінде жалпы саны 12 мың адамнан асатын 1717 Аналар кеңесі бар. Оның біреуі республикалық, 17 облыстық, үшеуі республикалық деңгейдегі қаланың, 75-сі қалалық, 167 аудандық, 1454 ауылдық деңгейде өз жұмысын жүргізіп келеді.

Аналар кеңесінің мүшелері отбасылық құндылықтарды, ұлттық дәстүрлерді сақтауға, нығайтуға және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жалпыұлттық жобасы да бар. Қазір осы жоба өңірлерде төрт бағыт бойынша сәтті іске асырылып келеді. «Тұлға тәрбиелеген отбасы», «Бақытты ана – бақытты отбасы», «Тұғырлы отбасы – бақытты балалық шақтың бастауы», «Жақсылыққа жетелейтін жандар» деп ат қойылып, айдар тағылған бастамалардың аймақтарда қалай іске асып жатқанын тағы да бізге тікелей эфирге қосылатын өңірлердегі әріптестеріміз айтып берсін.

Ел бірлігі – ең асыл қазына

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Жетісу облысында 1 мамыр күніне арналған мерекелік шаралар кеше басталды. Көпшілік Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай көшет егіп, «Достық» аллеясын ашты. Игі шара бүгінгі «Бірлік жарысы» деп аталған марафонмен жалғасты. Таңертең салауатты өмір салтын ұстанғандар ынтымақ пен татулықты ту етіп, Қаратал өзенінің бойынан Жастар спорт кешеніне дейін жүгіріп келді. Әртүрлі санат бойынша жеңімпаз атанғандар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Ал қазір Жастар саябағында қала тұрғындарына арналған мәдени шаралар өтіп жатыр. Оған өңірдегі өнер ұжымдарымен қатар этномәдени бірлестіктер де атсалысып отыр. Олар ән айтып, би билеп мерекенің көрігін қыздырды. Көпшілік назарына қолөнер туындыларын, ұлттық тағамдарын ұсынып, салт-дәстүрін дәріптеді. Елдегі татулық пен бірлікті нығайту үшін Ассамблея өкілдері, Ақсақалдар алқасы, Аналар кеңесі көптеген бағдарламаны жүзеге асырып жатыр. Соның ішінде «Еліне адал азамат тәрбиелеген отбасы» деген жоба бар.

Жастар саябағындағы іс-шаралар концерттік бағдарламаға ұласты. Сахна төрінде әсем ән шырқалып көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Талдықорғандағы мереке, міне, осылай өтіп жатыр.

«Бірлік жарысына» 1200 отбасы қатысты

Талғат Исламұлы, тілші:

- Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, бірлігіміз нығая берсін. Иә, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Бірлік» жарысы Ақтауда таңғы сағат 9-да басталды. Жағажай бойымен жүгірген көпшіліктің қатарында облыстық Әкелер кеңесінің, сонымен қатар Аналар кеңесінің мүшелері, жастар және еріктілер ұйымдарының өкілдері мен спортшылар да болды. Әлгінде ғана жарыс жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шара соңы жергілікті этномәдени орталықтардың жанынан құрылған шығармашылық ұжымдардың концертіне ұласты. Жалпы өңірде отбасылық құндылықтарын дәріптеп, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған жалпыұлттық «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы сәтті жүзеге асып келеді.

Дәл осы сәтте дала сахнасы алаңында «Қазақстан – бірлік пен татулықтың мекені» атты театрландырылған концерт және қолөнершілер көрмесі өтіп жатыр. Сәлден соң Қазақстан халқының бірлігі күніне орай мотошеру ұйымдастырылады. Ал кешкі сағат 7-де Абай атындағы мәдени-демалыс кешені ұжымдарының концерттік бағдарламасы болады. Жалпы бүгін облыс ойынша 50-ден астам мәдени-көпшілік шаралар өтпек.

Көкше жеріндегі бірлік мерекесі

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Бірлік мерекесін көкшетаулықтар да көтеріңкі көңіл күймен атап өтіп жатыр. Бүгін бір шаңырақ астында тату-тәтті күн кешіп жатқан барлық этнос өкілдері Көкшетаудағы орталық алаңға жиналды. Жалпы достық тойы аймақта жыл сайын ерекше тойланады. Оған басты себеп өңірде тұратын 100-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдері бұл мейрамның көркін қыздыруға бір кісідей атсалысады. Мәселен, сахнада ән салып, би билеп жүрген өнерпаздардың да көбі – Ассамблеяның құрамындағы шығармашылық ұжымдар.  Барлығы да өз ұлтының мәдениеті мен әдебиетін  паш етіп жатыр. Қазір аймақта мемлекеттік тілді меңгеріп, салт-дәстүрін сіңірген өзге ұлт өкілдері көбейіп келеді. Олардың бірі қазақпен құдандалы болса, енді бірі дос, тіпті бауыр боп кеткен. Жалпы бүгін бірлік мерекесіне орай облыс орталығында мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылған. Мәселен, «Бірлік жарысынан» басталған шаралар легі би фестивалі және оркестрлер шеруімен жалғасты.

Айталық, бірлік мерекесі барлық облыс аумағында кең көлемде тойланып жатыр. Оған да жергілікті этномәдени бірлестіктің өкілдері белсене қатысып отыр. Дәл қазір Кереку жұрты да достық тойын ерекше сән-салтанатпен тойлап жатыр екен.

Жақсылыққа жетелейтін жандар

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Жалпы Аналар кеңесінің құрамына этномәдени бірлестік өкілдері, ұстаздар, зейнеткерлер, депутаттар кіреді. Негізгі бағыт – елімізде жүргізіліп жатқан отбасылық-демографиялық саясатқа қолдау көрсету, отбасы институтын сақтап, нығайту, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және өскелең ұрпақты тәрбиелеу. Биылғы жылдың 1-ші тоқсанында облыс бойынша Аналар кеңесі 43 мыңдай адамды қамтыған 200-ге тарта іс-шара өткізген. Оның басым көпшілігі қайырымдылыққа бағытталыпты. Аналар перзентханаларға барып, жас аналарға қолдау көрсетуді, әскери бөлімдерде жас сарбаздармен кездесуді дәстүрге айналған. Қарттар мен балалар үйлеріне де жиі барады.

Облыс бойынша Аналар кеңесі 54 мекемемен өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойған. Оның 44-і – білім беру ұйымдары. Өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беріп, ұлт мүддесі үшін еңбек етіп жатқан ұйымның алдағы жоспары өте көп. Соның бірі – «Отбасы – тәрбие іргетасы» фестивалі. Мәдени шара облыстық ҚХА Аналар кеңесінің ұзақ мерзімді жобаларының қатарынан орын алған.