Елде этникалық журналистика рөлі күшейеді

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер клубының қызметі күшейтіледі, деп хабарлайды 24KZ. Қазір елде 21 орталығы жұмыс істейді. 275 мүшесі бар. Этникалық тақырыптарды арқау етіп, жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Бірақ бұны бірі білсе, бірі білмейді. Сондықтан клубтың аясын кеңейтіп, рөлін арттыру мұраты тұр.

Елде этникалық журналистика дендеп енгелі жатыр. Негізі 16 жылдан бері бар. Бірақ ауқымы этнос арасынан аспайтын. Яғни мемлекеттің саясатын өз тіліне аударып, өзара тарататын басылымдар ғана болды. Енді Ассамблея жанындағы 20 өңірлік, 1 республикалық журналистер клубына жауапкершілік күшейіп, жүк артылады.  

Алишер Сатвалдиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚХА Журналистер клубының төрағасы:

- Ассамблеяның 34-ші сессиясында Мемлекет басшысы тапсырма берді. Енді өңірлердегі белді БАҚ өкілі де осы журналистер клубына мүше боп кіріп, бірге жұмысты атқарамыз. Бұл дегеніміз журналистер клубы жұмысы жаңа деңгейге көтерілді. Енді Қазақстандағы барлық БАҚ жұмыстарын бірге, ортақ жүзеге асырамыз.

«Қалам елді түзейді». Жүсіп Баласағұнның сөзі салмағын жоймақ емес. Демек этникалық журналистика діл, дін, тіл деген нәзік дүниелерді дұрыс дәріптеп, дүмшелікті терістеп отырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Күріш пен күрмекті, конструктивті сын мен дәлелсіз мін тағуды, көңілге тимейтін пародия мен жиіркенішті қорлауды айыра білу маңызды. Заң алдында бәрі тең. Сол себепті біз еліміздегі этносаралық келісім мен бейбітшілікке нұқсан келтіретін кез келген арандатудың жолын кесіп келеміз, бұдан әрі де қатаң тосқауыл қоямыз. Өздерін сөз еркіндігінің жақтаушысы ретінде көрсеткісі  келетін кейбір құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, блогерлер мен журналистер еліміздегі әр істен саяси, жағымсыз астар іздеп, шын мәнінде арандатумен айналысып жүргенін айтпасқа болмайды.

Ассамблея мүшелері түрлі мәселе көтерсе де, мүдде бір. Өйткені институт алдындағы жалғыз миссия – ынтымақ.  

Мұхаббат Тұрдиева, Жамбыл облыстық ұйғыр этномәдени орталығының төрайымы:

- Әрбір сол Ассамблея мүшесі, этномәдени орталықтардың төрағаларының – бәріміздің жұмысымыз – бірлік, татулық. Сол біздің Қазақстан шаңырағымыздың астында сондай жақсы өмір кешіп жатқанымыз бәріміздің жұмысымыз деп білемін. Отанымызға деген сүйіспеншілігіміз, жастарымызды Қазақстан патриоты боп өсуге үлестерімізді қосып жатырмыз.

Ассамблея қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырып отыр. Оларды бірліктің елшісі деуі бекер емес. 30 жылда ортасы толып, конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық органға айналды.

Авторлары: Нысаналы Ығыл, Марат Диханбаев