Еврей диаспорасы қазақ халқының қамқорлығын ұлықтады

Жалпы бүгін біз сөз етіп жатқан этносаясат, этномәдениеттің қазақстандық үлгілері әлемнің кез келген елін қызықтырмай қоймайды. Оны сол баяғы қазақтың қамқорлығын көрген өзге ұлттың өкілдері әлі күнге дейін жыр қылып айтады.

Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өткенде тарих толқындарында бізбен біте қайнасқан ұлт пен ұлыс өкілдері арасында еврей жұртының да орны бар екені сөзсіз. Арғысы Бұқарадан тарайтын ашкенази еврейлері болса, бергісі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Холокостан бас сауғалап, жер аударылып келген 100 мыңға жуық халық. Тағдыр тәлкегіне тап болып, қазақ даласынан пана тапқан халықтың тарихын дәл осы Нью-Йорктегі қауым талқылап жатыр.

Іс-шараға қатысушы:

- Қазақ халқына өмір бергені үшін алғыс білдіргім келеді. Зұлмат жылдары менің анам Қазақстанға барып пана тауып, сіздердің арқаларыңызда аман қалған. Өзінің естеліктерінде қазақтардың қандай мейірімді екенін, қолында бардың бәрімен бөліскенін жиі айтып отыратын. Қазақтардың арқасында қазір міне мен алдарыңызда сөйлем тұрмын. Аман-есен өсіп-өніп, ұрпағымыз тарап жатыр. Қазақстанға саяхаттап баруды аңсап жүрмін.

Робин, іс-шараға қатысушы:

- Қазіргі әлемдегі геосаяси жағдайға қарап, Қазақстан өз ішінде ынтымағы жарасқан бірлікті ұстап отырғанына қайран қалдым. Жүкті жұмыла көтеру, ешкімді алаламай, бәріне тең қарау, бейбітшілікті қастерлі ұғым деп түсіну халықтың қанында бар қасиет екеніне көзім жетті.

Александр, іс-шараға қатысушы:

- Қазақстан халқының түрлі ұлт пен ұлыс өкілдеріне бауырмал екендігін біліп, таңдай қақтым. Мұндай ұстаным әлемнің көп еліне үлгі болар еді.

Іс-шараның тізгінін ұстаған Этносаралық түсіністік қорының президенті Марк Шнайер Қазақстанға бірнеше рет келгенін, соның ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары cъезінің маңыздылығын ерекше атап өтті. Дінаралық диалогтың беки түсуіне Қазақстан халқының қосып отырған үлесін жоғары бағалады.

Марк Шнайер, раввин, Этносаралық түсіністік қорының президенті:

- Бүгін жиналған қауым Қазақстан мен еврей халқының көпшілік біле бермейтін тарихтағы маңызды сәттерінен құлағдар болды. Холокост кезінде қауіпсіз пана болу, ел аумағындағы еврей ұлтының өзге халықтармен тең өмір сүруі, Израильмен байланысы қазақ-еврей достық қарым қатынасына үлкен үлес қосып келе жатыр.

АҚШ-тағы Қазақстан елшісі Ержан Ашықбаевтың жауаптары да Нью-Йорктегі еврей диаспорасының қызығушылығын тудырды. Әсіресе құрылғанына 30 жыл болған Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне, елімізде синагогтар мен киелі жерлердің бар екендігіне және ТМД раввиндерінің съездін ұйымдастырғанына ыстық ықыластарын білдірді.

Авторы: Ердана Ержанұлы