Ел шығысындағы этнос өкілдері бір шаңырақ астында бас қосты
Ел шығысында «Қазақстан халқы бірлігі» күні мерекесі ерекше іс-шарамен басталды. Достық пен татулықты ту еткен мейраммен қатарлас облыстық «Қазақстан халқы Ассамбелясының» 31-ші сессиясы өтті. Осылайша әр этнос өкілі бір шаңырақ астында бас қосып атқарылған жұмыстарды екшелеп, алдағы межелерді анықтады. Кездесуге облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов та қатысты. Аймақ басшысы жиналғандарды ҚХА-ның 30 жылдығымен құттықтап, белсенді азаматтарға мерейтойлық төсбелгі табыстады.
«Бірлік пен ынтымақ» басты тақырыпқа айналған жиын 500 адамдық киіз үй ішінде өтті. Бірнеше этнос өкілдері бір шаңырақ астында жиналып достықты нығайту жолындағы Ассамблея жұмысын саралады. Жалпы өлкедегі бұл инсититтуттың өзгеге үлгі боларлық өз жолы бар. Еліміздегі алғашқы Достық үйі Өскеменде ашылған болатын. Қазір аймақта 74 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Кездесуде Президент тапсырмасына сай алдағы жоспарлар қатары талқыланды.
Тимур Жұмырбаев, республикалық «Ассамблея жастары» ұйымының төрағасы:
- Мейраммен сессия отырысының астасып жатқаны керемет болды. Бұл жерде алдағы межелер айқындалды. Мәселен, Президент тапсырмасына сай, мемлекеттік қызметкерлерге арналған ұлтаралық қатынасты нығайту бойынша бағдарлама құру жайлы ақылдастық және Ассамблея жұмысына журналистер клубын, бұқаралық ақпарат өкілдерін жұмылдыра түсу керектігі де айтылды.
Сессия барысында Ассамблея қызметіне белсене атсалысқан бірнеше азаматқа «Парасат» ордені берілді. Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық медалі табысталды. Осындай марапатқа ие болғандардың бірі – Рустам Зульфиев. Жеке ісін дөңгелетіп отырған тәжік ұлтының өкілі еліміздегі тұрақтылық пен тыныштық тұтас халықтың берекесін арттырып отыр деп санайды.
Рустам Зульфиев, тәжік этномәдени бірлестігінің өкілі:
- Біз Шығыс қазақстаннның дамуына, экономикалық дамуына үлес қосып жатырмыз. Өзімнің шаруа қожалығым бар, көкөніс өсіремін. Бәріміз бір шаңырақ астында осы шаңырақты биіктетіп, биікке көтеруге тілектеспіз бәріміз.
Бірлік мейрамындағы іс-шаралар мұнымен аяқталған жоқ. Сессия соңы «Қазақ елі татулық мекені» атты жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты. Этноауыл іші де думанға айналып, тұрғындар назарына түрлі бағдарламалар ұсынылды.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин