Атырау облысында көктемгі дала жұмыстары басталды

Атырау облысының диқандары көктемгі дала жұмысына кірісті, деп хабарлайды 24KZ. Биыл облыстағы 240 шаруашылық 9 мың 600 гектардан астам алқапты игереді. Оның 96%-ін күзде жыртып, дайындап қойды. Қазір дайын алқапқа дән сеуіп жатыр. Көктемнің әр күні жылға азық екенін жете түсінетін шаруалар жаппай алқапқа шықты.

Махамбет ауданындағы бұл шаруашылық биыл 120 гектар алқапқа бақша дақылдарын егеді. Күн райына қарайлаған егіншілер ала таңнан дала қосынында. Олар екі күнде 20 гектар алқапқа картоп егіп бітіруі тиіс.   

Аталған шаруашылық биыл картоптың жаңа тұрін жерсіндіруді бастады. Ресейдің Самара қаласынан алдырылған «джулия» атты бұл сорт әр гекатарынан 40-45 тоннаға дейін өнім береді екен.

Баһадүр Саитов, егінші:

- 29-30 сәуір, 2 күн егеміз. Сосын алғашқы суын 2 мамыр күні бере бастаймыз. Ауа райының салқын болуына байланысты сәл кеш басталып жатыр.

Шаруашылық тұқым себуді сәуірдің 10-нан бастады. Қазірдің өзінде 12 гектар пияз, 2 гектар сәбіз және 1 гектарға қызылша егіп үлгеріпті. Олардың алды суарылып, арнайы пленкамен жабылған. «Осылайша 12 түрлі дақыл кезең-кезеңімен егіле бастайды», – дейді агроном Байниязов.

Айдос Байниязов, агроном:

- Алдымыздағы айдың 1-2-нен бастап қызынақ, тәтті бұрыш, баклажан секілді ерте пісетін өнімдерді егеміз. Картоп, құдай қаласа, 65-70 күнде піседі. Халыққа береміз деп отырмыз.  

Облыс бойынша 240-тан астам шаруашылық 9600 гектар алқапқа дән себуді бастады. Оларға мемлекет тарапынан қолдау бар. Ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен биыл 900 тоннадан астам тыңайтқыш, 3 мың тоннаға жуық тұқым жеткізіліп, таратылып берілді.

Азат Қапанов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Күні бүгінге облыс бойынша 4 мың гектар жерге егін егілді. Соның ішінде 300 гектар картоп, 1200 гектарға көкөніс, 500 га бақша, 2000 га мал азығы егілді. Көктемгі дала жұмысына жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. 24 шаруашылыққа 48 тонна д/о бөлінді. Қазіргі таңда 11 шаруашылыққа жеткізілді.

Көктемгі дала жұмыстары мамыр айының ортасына қарай аяқталады. Жалпы өнімнің ерте пісетін түрін таңдаған шаруашылықтардың алғашқы өнімі маусымның аяғы, шілде айының басында тұтынушыға жетеді деп күтіліп отыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин