Қай өңірлерде пара беру және алу дерегі жиі тіркеледі?
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақстанның қай өңірінде пара беру және алу дерегі жиі тіркелетінін айтты. Былтыр елде 1346 қылмыстық құқықбұзушылық әшкереленген. Соның 75%-і сыбайлас жемқорлыққа қатысты.
Олардың басым бөлігі Астанада анықталған. Сондай-ақ Шымкент, Алматы қалаларында да жемқорлық жағдайлары анағұрлым көп болады. Ал өңірлер арасында Алматы және Абай облыстары көш басында тұр. Сыбайластық әрекеті үшін былтыр 988 тұлға жауапқа тартылған. Дені пара беру және пара алу фактілерімен қолға түскен. Ал салалар бойынша әкімдік, квазимемлекеттік сектор және ішкі істер органдарының қызметкерлері қылмысқа жиі баратын көрінеді. Осындай жаға ұстатар статистикаға қарамастан мамандар соңғы 2 жылда сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны елде 9% азайғанын алға тартып отыр.