Елорда көшелерінде қозғалыс шектеледі

Астанада Отан қорғаушылар күні және Жеңістің 80 жылдығына арналған шеруге дайындық жүруіне байланысты 3 және 4 мамыр күндері бірқатар көшеде қозғалыс шектеледі, деп хабарлайды 24kz.

Атап айтқанда, 3 мамыр таңғы сағат 5:00-ден 6:30-ға дейін А-334 көшесі бойынша Ақжол даңғылы – Қошқарбаев даңғылы – Момышұлы даңғылы – Тәуелсіздік даңғылы арқылы әскери техника өтеді. Осы уақыт аралығында шектеу болады. Осыдан кейін сағат 6:30-дан 8:00-ге дейін А-334 көшесі бойынша Ақжол-Қошқарбаев – Аманжолов – Нәжімеденов бағыты арқылы парадтық жеке құрамды тасымалдау басталуына орай да жолдар жабылады. Қосымша 13:00-ге дейін Тәуелсіздік даңғылы Момышұлы даңғылынан Панфилов көшесіне дейін жабылады, сондай-ақ Ақыртас, Қалдаяқов көшелерінде және Қошқарбаев даңғылында көлік қозғалысы шектеледі.

Айта кетерлігі, сағат 5:00-ден 14:00-ге дейін Қуанышбаев атындағы музыкалық-драма театрының алдындағы тұрақ жабылады, сондай-ақ Қуанышбаев, Нәжімеденов, Байтұрсынов және Нұрмағанбетов көшелерінде жеке құрамы бар автобустарды орналастыру үшін жол қозғалысы шектеліп, тұрақ орындары жабылады. 4 мамырда да қозғалыс жоспары осыған ұқсас болады. Құқық қорғау органдары қала тұрғындарынан қауіпсіздік ережелері мен нұсқауларды сақтауды сұрайды.