Бұқтырмадан төнген тасқын қаупі сейілді
Шығыс Қазақстан облысында арнасынан асқан Бұқтырма өзенінен төнген тасқын қаупі сейілді, деп хабарлайды 24kz.
Бірнеше күн бойы толассыз жауын жауып, оған сай саладан еріген қар суы қосылған. Соның салдарынан су деңгейі шектік межеден 78см-ге көтеріліп кеткен еді. Арқыраған ағын су сол маңайдағы Зубов кентіндегі 13 үйдің ауласына жайылып, бау-бақшасын басып қалды. Оқиға орнына құтқарушылар жедел жетіп, қауіптің бетін қайтаруға бағытталған шаралар атқарылды. Өзен жағасын биіктету үшін 2 мың қап құм, мың тоннаға жуық тау жынысы жеткізілді. Ал үй аулаларынан 7800 текше метр су сорылды. Бүгін қатер сейіліп су деңгейі қайта төмендеді.
Амангелді Еңсегенов, ШҚО ТЖД басшысының орынбасары:
- Қазіргі уақытта ешқандай қауіп жоқ, енді халықтың айтуы бойынша бұл жылда көтерілетін су, жерасты сулары. Бұқтырма өзені жалғыз өзі емес, құятын өзендер өте көп. Анау Рахман қайнарынан бастау алатын болсақ, Алтай ауданы, Өскеменге дейін қаншама өзендер көп қосалқы, деңгейін көтереді.