«Qaisar» әскери-патриоттық ойындары басталды:
Әскерде Отан алдындағы борышын өтеп келген 4500-ден астам жас азамат тегін жоғары білім алу мүмкіндігін пайдаланды, деп хабарлайды 24kz.
Сонымен қатар «Amanat» партиясының бастамасымен әскери-патриоттық тәрбие туралы заң жобасы әзірленді. Құжат азаматтарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің біртұтас жүйесін құруға және осы жұмыстарға барлық мемлекеттік ұйымды тартуға бағытталған. Бұл туралы Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов «Qaisar» әскери-патриоттық ойындарының ашылу салтанатында айтты. Қарағанды облысы Спасск оқу-жаттығу орталығында өткен іс-шарада 300-ден астам адам бас қосты. Олардың арасында «Жас сарбаз» ұйымының тәрбиеленушілері, «Әлияшылар» қозғалысының қыздары, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері және әскери кафедралардың өкілдері мен мектеп оқушылары бар.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері, «Amanat» партиясының төрағасы:
- «Qaisar» әскери-патриоттық ойындарын тұрақты түрде өткізуді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше тапсырған болатын. Бүгінгі ойындар да жай ғана спорттық шара емес, рухтың, тәртіптің, ұлтқа қызмет етудің алаңы, жарқын мысалы. Биылғы байқау халқымыз үшін маңызды тарихи мерекелердің қарсаңында өткізіліп отыр. Мұның да символдық мәні зор деп санаймын. Сондықтан баршаңызды алда келе жатқан Отан қорғаушы күні мен Жеңістің 80 жылдық мерейтойымен құттықтаймын.
Ойындар екі күнге жалғасады. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастар оқ ату, әскери эстафета, автоматты шашып-жинау, зияткерлік сайыстар мен тактикалық тапсырмалар бойынша сынақтан өтеді. Осы арқылы қатысушылардың біліміне, күш-жігеріне және төзімділігіне баға беріледі. Бағдарламаға биыл алғаш рет ұлттық спорт түрлері мен цифрлық пәндер енгізілді. Сондай-ақ, іс-шара шеңберінде Жеңістің 80 жылдығына арналған көрме өтті.