Қызылорда облысында 111 елді мекенде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары басталады
Қызылорда облысында 111 елді мекенде кенеге қарсы залалсыздандыру шаралары жүргізілуде, деп хабарлайды 24kz.
Оның ішінде 8 ауыл облыс орталығы Қызылорда қаласына қарасты. Қолайсыз деп танылған аумақтарда арнайы мамандандырылған мекемелердің қызметкерлері жұмылдырылған. Қазіргі таңда Жаңақорған, Шиелі аудандары мен Қызылорда қаласында залалсыздандыру жұмыстары толық аяқталды. Қалған елді мекендерде бұл шаралар маусым айының ортасына дейін аяқталуы тиіс. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, биыл өңірде 185 адамды кене шаққан. Қуантары, олардың ешбірінен қауіпті вирус анықталған жоқ. Барлығы дәрігерлердің бақылауында болған.
Гүлмира Сыздықова, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
- Нақтыланбаған екі жағдай болды. Олардың біреуі қала тұрғыны, біреуі Сырдария ауданының тұрғыны. Екеуі де облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылып, емделді. Бүкіл анализдері алынды. Зерттеулерден өткізілді. Сөйтіп, бүгінгі таңда екеуі де жазылып шықты. Диагноздары конго-қырым геморрагиялық қызбасы емес, басқа диагноз қойылып, нақтыланбаған жағдай болып есептеліп отыр. Нақты ауру бізде тіркелген жоқ.