Ұлытаудың Кеңгір ауылына көгілдір отын тартылады

Ұлытау облысындағы Кеңгір ауылының тұрғындары алдағы күзде көмір мен қи жағу әлегінен құтылады.

Елді  мекенде газ тарту жұмыстары басталды. Жезқазғанның дәл іргесінде тұрған Кеңгірді көгілдір отынмен қамту үшін республикалық бюджеттен 1 миллиард 600 миллион теңге бөлінді. Жалпы облыс бойынша газдандыру жобасы 2019 жылы басталған. Осы күнге дейін Талап, Қабанбай ауылдары және Жезқазғанның бірнеше шағын ауданы көгілдір отынға қосылды. Ал 2030 жылға дейін тағы 9 елді  мекенге газ келеді. 

Әмір Темоханов, Жезқазған қалалық ТҮКШ бөлімінің маманы:

- Жезқазған қаласын газдандару жобасы 3 кезектен және 7 іске қосу кешенінен тұрады .Қазіргі таңда 2 кезең және 5 іске қосу кешені аяқталды. Жалпы 160 шақырымды құрайтын газ құбыры тартылды. Одан бөлек Кеңгір ауылын газбен қамту жобасы іске асырылып жатыр. Жалпы ұзындығы 25 шақырым. Кеңгір ауылын газдандыру жобасы тікелей мемлекеттік бюджеттен іске асырылып жатыр. 3 мыңға жуық абонентті қамтитын болады.