Шымкентте жылу тарифі төмендейді
Шымкентте жылу тарифі алдағы маусымнан бастап төмендейді. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері мәлімдеді. Салаға жасалған талдаудан соң 3 жылдан бері орындалмай келген шешім ерекше бақылауға алынып, уақытша өтемдік тарифі қайта енгізілді.
Шымкентте жылу маусымы 150 күнге ұласты. Қала аумағындағы көпқабатты екі мыңнан аса тұрғын үй мен мемлекеттік мекемелер сәуір айына дейін жылумен қамтамасыз етілді. Алайда тұтушылардың кәсіпорын алдындағы берешегі қордаланып, 814 миллион теңгеге жеткен.
Асқар Бөлешов, қалалық жылумен қамтушы кәсіпорынның басшысы:
- Біз 136 күн емес, 150 күнге жуық қаланы жылумен қамтамасыз етіп жатырмыз. Соның салдарынан қазіргі таңда министрлікке хат жолданған болатын. Яғни жылу маусымын ұзарту туралы мәселе жолданды. Қарастырылып жатыр.
Жылу орталығының есебіне жасалған талдау нәтижесінде кәсіпорынның негізсіз пайда тапқаны анықталды. Табиғи монопилияларды реттеу департаментінің өкілдері тұтынушылардан соңғы жылдары 486 миллион теңге артығымен жиналғанын мәлімдеді. Компанияның шығындарын өтеуге жергілікті қазынадан да субсидия бөлінген. Сондықтан заңсыз табысты өтем тарифімен қайтару ұсынылды. Бірақ «Қуат жылу орталығының» өкілдері заң аясында шағымданып, сот шешімін күткен.
Кенжеболат Көшекбаев, қалалық Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы:
- Хаттама толтырылған болатын заңбұзушылық бойынша негізсіз табысқа. Мекеменің ходатайствосына сәйкес сот орындарына жолданған болатын. Бірінші инстанцияда департамент жеңген болатын және апелляция сотына, жоғарғы сотқа беріліп, департамент бұл істе ұтқан болатын. Осы соттың шешімін орындау үшін мекемеге хаттар жолданған.
Өтемдік тарифтің мерзімінде енгізілмеуіне байланысты салаға сыртқы талдау жасалды. Бұдан былай төмендетілген жаңа тарифтің енгізілуін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері бақыламақ.
Жандос Бекасанов, қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы:
- Уәкілетті орган да, монополист те уақытша өтемдік тарифті енгізу бойынша тиісті шараларды қабылдамаған. Біздің араласуымыздан кейін Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментімен «Қуатжылуорталық-3» мекемесіне 280 млн теңге көлемінде айыппұл салды.
Аймақта алдағы жылу беру маусымына дайындық басталды. Мамандар 823 шақырым болатын құбыларды қысыммен тексеріп, 100-ге тарта тұста ақау барын анықтады. Биыл осы ішкі орамдық желілер мен магистралдық жүйелерге жөндеу жасалып, жаңғыртылады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы