Абай облысында 113 шақырым жол жөнделеді

Биыл Абай облысында 113 шақырым жергілікт жолдар жөнделеді, деп хабарлайды 24KZ. Бірнеше ауылдың жолын жөндеу басталып та кетті. Ақсуат ауданындағы 5 ауылдың ішкі жолдарына жаңа асфальт төселеді. Бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 350 млн теңге бөлінді. Қазір құрылыс қарқынды жүріп жатыр.

Ақсуат ауылының тұрғындары талай жыл жол азабын тартты. «Ой-шұңқыры шыққан сапасыз жолдар әбден титықтатты», – дейді олар. Енді ауданда жол құрылысы қарқын алғанына жұрт қуанышты.

Сауалнама:

- Жолдың бәрі жөнделіп жатыр. Бәрі жаңадан трасса түсіп, бұрын 20 жыл бұрын қандай еді? Қазір, міне, қандай жолымыз тамаша.

- Қазір Ақсуат бұрынғыдай емес, жақсы. Жолдары жөнделіп жатыр. Бұрынғыдан қарағанда Ақсуат жақсы.

- Биыл енді қолға алып жатқаны көрінеді. Бәрі жақсы деп ойлаймын өзім енді.

Бұл Ақсуат ауылындағы Сәтбаев көшесі. Қазір мұнда жол жөндеу жұмыстарының қызған шағы. Жоспар бойынша 200 метр жерге асфальт төселеді. Құрылыс жұмыстарына 4 техника мен 20-ға жуық адам жұмылдырылған.

Жалпы Ақсуат ауданында 461 шақырым аудандық маңыздағы жол бар. Оны күтіп ұстап, жөндейтін коммуналдық мекемеде 100-ден астам адам жұмыс істейді. Барлығы жергілікті тұрғындар.

Ержан Батыров, коммуналдық мекеме директорының орынбасары:

- Қазіргі қол жұмыстарында бізде 20-дан астам жұмысшы бар. Бәрі осы Ақсуат ауылының тұрғындары. Солай жұмыс істеп жатырмыз. Көпірлерге көктемде жаңағы тазалық жұмыстарын жүргіземіз. Жаз кезінде жөндеу жұмыстарын жүргіземіз.

Биыл Ойшілік ауылына апаратын 7 шақырымнан астам жол да жөнделеді. Бұған қоса Тебіске өзені арқылы өтетін көпір жаңартылады. Бұған шамамен 890 млн теңгеден астам қаражат жұмсалады.

Ахмет Аққазин, аудан әкімінің орынбасары:

- Барлық жол сайрап тұр дегенге келмес, болмағанымен, енді бізде мынау Үштөбеге баратын жол асфальтталу керек. Жасайтын жоспарларымыз бар. Жобамыз бар шығарып қойған. Ол енді бюджеттік өтінім тапсырылды 656 млн теңгеге. Дегенмен бұрынғыдай емес, жолдың сапасы жақсарды. Көшелерін асфальттап жатырмыз әр елді мекеннің.

Ақсуат ауданына қарасты 5 ауылдың жолына жаңа асфальт жабыны төселеді. Жергілікті бюджеттен 350 млн теңге қаржы бөлініп, асфальт зауытынан материал сатып алынды. Жауаптылар жұмыс кезең-кезеңмен жүргізіледі.  

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов