С. Жұманғарин Алматы облысына жұмыс сапарымен барды

Алматы облысында егіс науқаны қызу жүріп жатыр. Биыл аймақта 436,8 мың гектарға дәнді дақылдар себілген.

Ол былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 13 мың гектарға артық. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен болған кездесуінде айтылды.

Онда фермерлер өздерін толғандырған мәселелерді алға тартты. Вице-премьер шаруаларды қолдауға бағытталған қаржының жылма-жыл ұлғайып келе жатқанын, субсидия көлемінің де едәуір артқанын айтты. Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігіне барлық ұсынысты жіті қарап, балық шаруашылығын да қолдауды тапсырды.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

- Біраз жолдар ашылды. Мысалы, көктемгі далалық жұмыстарға қаражатты 6 бағытпен қазір қолыңызға жеткізіп жатырмыз. Бізге керегі агрономия. Агрономияны сақтау керек. Дұрыс, ірі шаруалар керек.

Бұдан бөлек, Серік Жұманғарин Инновациялық технологиялар паркінің нысандарын аралады. Оның аумағында жалпы инвестиция көлемі 205 миллиард теңге болатын 180-нен астам компания бар. Вице-премьер сонымен қатар аймақтағы Ядролық физика институтның қызметімен де танысты. Бұл елдегі атом саласының технологиялары мен өнімдерін, радиофармпрепараттарды жасауға дейінгі зерттеу мен әзірлеу жұмыстары жүзеге асырылатын жалғыз ғылыми ұйым болып табылады.