Алматылық акробаттар Гиннестің рекордтар кітабына енді
Қазақстандық цирк өнері үшін үлкен жетістік. Алматы циркінің әйгілі «Сербат» тобының акробаттары – Батыр Жанұзақ пен Марлен Маратов Миланда өткен халықаралық шоуда Гиннестің рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды 24kz.
Олар аса қиын әрі өте күрделі акробатикалық әдісті орындап, өнерімен көпті таңқалдырды.
Италияда жылда өтетін «Lo Show Dei Record» халықаралық байқауына әлемнің ең мықты өнерпаздары жиналып, бап пен бақ сынайды. Бұл сынға алғаш рет қатысқан Батыр мен Марлен ең қиын акробатикалық трюкті небәрі 36 секундта жасады. Бұл нәтиже көрермендерді ғана емес, халықаралық қазылар алқасын да тәнті етті.
Батыр Жанұзақ, акробат-эквилибрист:
- Біздің командамызбен бірге қосқан кезде 4 рекордымыз бар. Тағы да тіркелмеген. Алла бұйыртса, соларды да бірге барып, жасасақ деген болашақта мақсатымыз бар. Егер де біздің рекордты біреу жаңартатын болса, біз оны жаңартуға, әрине, дайындаламыз. Бірақ бізде қазір басқа рекордтарымыз бар. Біз соларды жасағымыз келіп тұр. Әлемге көрсеткіміз келіп тұр.
Жалпы топ құрамында 6 адам бар. Бұған дейін олар әлемдік шоуларда топ жарды. «America's Got Talent» пен «Britain's Got Talent» сияқты жобаларға қатысып, жеңімпаз атанған.
Марлен Маратов, акробат-эквилибрист:
- Бұл трюкті жасау үшін 4 жыл тыңғылықты дайындалдым. Бірақ ол сақтандыру құралдарымен жасалған еді. Біз үшін бұл жай ғана рекорд емес. Командамыздың еңбегі мен цирк өнеріне берілген баға.
Осылайша, алматылық акробаттар еліміздің абыройын асқақтатып, қазақ цирк өнерін жаңа биікке көтерді. Енді олар бағдарламасын түрлендіріп, алдағы уақытта Алматыда қызықты шоу көрсетуді көздейді.
Авторлары: А.Садуақас, Э,Кон.