Елордада «Хат жаздым қалам алып қан майданнан» кітабы таныстырылды

Бейбіт күннің қадірін жете түсіну үшін соғыстың шынайы бет-бейнесін боямасыз қабылдап, майдангердің көзімен көре білу керек. Елордада тұсаукесері өткен «Хат жаздым қалам алып қан майданнан» кітабы осынау сұрапыл жылдардан елес береді, деп хабарлайды 24kz.

Лев Гумилёв атындағы Еуразия Ұлттық университеті қабырғасында таныстырылған бұл еңбекте соғыс ардагерлерінің от ортасында жазған жүрек тебірентер хаттары топтастырылған. Әлия Молдағұлова, Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Әзілхан Нұршайықов сияқты тұлғалардың және тағы 130-ға жуық белгісіз жауынгерлердің шығармалары мен өлеңдері, сәлемдемелері жарияланған. Бұл бірінші том. Алдағы уақытта екінші томда қан майданнан жолданған басқа да майдангерлердің хаттары оқырман назарына ұсынылады. Кітап редакциясына тарих ғылымдарының докторы Ерлан Сыдықов жетекшілік еткен.

Ерлан Сыдықов, Л.Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры:

- Алғашында азғантай тиражбен шығамыз, өйткені университеттің шамасы көп емес. Бірақ біз мұны баспаларға ұсынамыз. Баспалар қызығушылық танытып отыр. Ары қарай тиражын көбейтіп, бұл кітапты таратуға әзір екенін білдіріп отыр. Сонымен бірге бұның электронды нұсқалары бар. Бүкіл Қазақстандағы кітапханаларға, жоғары оқу орындарына біз тегін электрондық вариантын ұсынамыз, таратамыз.