Қапшағай су қоймасына 18 млрд текше метрден астам су жиналды

Қапшағай су қоймасында биыл су мол жиналып, ауыл шаруашылығына үлкен мүмкіндік туғызды, деп хабарлайды 24kz.

Су қоймасында бүгінде 18 миллиард текше метрден астам су қоры жиналған. Бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Мамандардың айтуынша, мамыр айының ортасынан бастап Іле өзеніне секундына 600-700 текше метрге дейін су жіберіледі. Бұл ауқымды су мөлшері Балқаш ауданының 30 мың гектар суармалы алқабын толықтай қамтуға жеткілікті. Демек, күріш, жоңышқа және дәнді дақылдар өсірумен айналысатын жергілікті шаруалар биыл да су тапшылығын сезінбейді. Атап айтқанда, Шеңгелді массивіндегі 8 мың гектар суармалы егістік, арнайы сорғы стансалары арқылы сумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар Қапшағай суы тек егістікке ғана емес, ГЭС жұмысына және Қонаев қаласының тұрғындарына да қызмет етіп отыр. Соңғы екі жылда Қапшағай су қоймасы 100%-ке дейін толып, бұрын су тапшылығын көріп келген Балқаш өңірінің бірнеше ауылына тіршілік нәрі қайта жетті. Тіпті кепкен өзен-көлдерге де су келіп, табиғи экожүйе біртіндеп қалпына келуде.  

Ғалым Тоқпейісов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Халықтың еңбегіне қарай өткен 2024 жылдың көктемінен бастап Қапшағай су қоймасынан Іле өзеніменен секундына 600-700 текше метр су жіберілгендігінің арқасында Бала Топарға да су шығып, одан төмен қарай мынау Көктал, Қараой, Айнакөл деген ауылды елді мекендер бар, осы елді мекендердегі суы тартылып кеткен жерлердің бәріне су шығып, мал жайылымына, мал азығына көп молшылығын тигізіп тұр қазіргі уақытта.