Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімдері марапатталды

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің 40 педагогына ведомстволық наградалар табыс етті, деп хабарлайды 24kz.

Кездесуге қатысушыларды құттықтап, оқушылар бойында азаматтық және отансүйгіштік құндылықтардың қалыптасуына мұғалімдердің қосқан сүбелі үлесін ерекше атап өтті. Қорғаныс министрлігімен бірлесе жүргізіп келе жатқан жүйелі жұмыстың маңыздылығына да тоқталды. Мәселен, спорт секцияларын дамыту, мамандандырылған кабинеттерді ашу, әскери бөлімдерге экскурсия ұйымдастыру, «Жас сарбаз» қозғалысын қолдау, сондай-ақ кадрларды даярлау сияқты жұмыстар қолға алынды. Айта кеткен жөн, бүгінде ел мектептерінде 5 мыңға жуық алғашқы әскери дайындық мұғалімдері еңбек етеді.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Мен бүгін сіздерді екінші жыл жинау арқылы бүкіл қоғамның назарын сіздердің қызметке аударуға, екіншіден, өздеріңіздің де мәртебелеріңізді осы ұстаз мәртебесі шеңберіндегі ерекше екеніне қоғамның да назарын аударту үшін бүгін жинап отырмын.