Ұлттық ұлан сарбаздары өрт кезінде жанқиярлық танытты
Ұлттық ұлан жауынгерлері қоғамдық тәртіпті бақылаумен қатар төтенше жағдайлар кезінде де жедел әрекет етеді.
Биыл алғашқы тоқсанның өзінде олар 11 өрт оқиғасы кезінде тұрғындарды оқшаулап, тілсіз жауды ауыздықтады. 21 адамға алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
Бұл Астанадағы жатақханалардың бірінен өрт шыққан сәт. Оқиға орнына алғаш болып Ұлттық ұлан сарбаздары көмекке жетті. Алдымен жақын маңда жүрген қатардағы жауынгер Жомарт Жұмабек әскери жасақ кезекшісіне жедел хабар беріп, өзі бірден ғимарат ішіне кіріп кеткен.
Жомарт Жұмабек, қатардағы жауынгер:
- Өзімнің 2 патрульшімді сыртқа қоршауға қойып, өзім ішіне кіріп, адамдарға көмектестім. Ішіне кірген кезде балалар және ақсақалдар болды. Олардың заттарын шығарып, кішкентай балаларды тасып, 20-30 шақты адамды шығардық. Адамдарға қиын сәтте көмектесу - өзіміздің борышымыз.
Байланыс желісінен төтенше жағдай жайлы естіген тағы бір жауынгер Азат Сейдахмет те оқиға орнына қарай жүгірген. Өрт сөндірушілер келгенше ол Жомартпен бірге тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарды.
Азат Сейдахмет, қатардағы жауынгер:
- Адамдарды, балаларды уайымдайсың да. Көбі үлкен кісілер. Бір әйел адам болды 6 баласы бар. Бәрі ішінде екен. Соның бәрін шығарып, адамдардан бөлек бағалы заттары мен құжаттары, керекті заттары бар екен. Соның бәрін барынша атсалысып, барынша шығардық.
Ұлттық ұлан қызметкерлері көріп, келіп көмектесіп, ішіндегі адамдарды эвакуациялауға көмектесті. Осы жігіттерге өз атымнан және қазақстандықтар атынан мың алғыс айтамын!
Жомарт пен Азат 5573 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жатыр. Бірі Шымкент қаласынан, екіншісі Ұлытау облысынан келген. Олар қатарластарымен бірге өз міндетін абыроймен атқарып жүр. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жылдың алғашқы тоқсанында ұлттық ұлан сарбаздары 11 өрт оқиғасы кезінде тұрғындарға алғаш болып көмек көрсеткен.
Ғанимұрат Тасполатов, батальон командирінің орынбасары:
- Сарбаздарға үйретеміз. Ол жайлы сабақ өткіземіз күнделікті. Жеке құрам ұйқыдан тұрғаннан бастап, бізде күн тәртібі бар, сол бойынша жұмыс атқарамыз. Неше түрлі жағдайдың бәріне дайын болуын үйретеміз.
Ұлттық ұландықтардың тікелей міндеті - қоғамдық тәртіпті бақылау. Биыл үш ай ішінде олар 5 мыңға жуық құқықбұзушыны анықтады. Оның ішінде суық қару ұстаған және есірткі тасымалдағандар да бар.
Амангелді Омаров, 5573 әскери бөлімі штаб бастығының орынбасары:
- Бізде 5573 әскери бөлімінің өзінде 3-4 айдың қорытындысы бойынша 3 мыңнан астам құқық бұзушы адам ұсталған. Оның көбісі жеткізіліп, барлығына штрафтар салынды. Одан бөлек 36-ға таман наркотик, яғни закладчик дейміз ғой. Күрес қазір осымен болып жатыр негізі. Сосын 100-ден астам положителный пример дейміз, көптеген адамның балаларын тауып берген, ұялы телефондарын тауып берген, өрттен құтқарған, осылардың барлығы бар.
Ұлттық ұлан қызметкерлері елдің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті қадағалап жүр. Күн сайын бұл бағытқа 8 мыңнан астам жауынгер жұмылдырылады.
Еркебұлан Смадияров, Нұрғали Мамырбаев