Алматыдағы Абай университеті ардагер түлектеріне арнап ескерткіш қойды

Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагер түлектеріне арнап ескерткіш тас қойды, деп хабарлайды 24kz.

Білім ордасынан майданға 114 оқутышы мен студент аттанған екен. Тоғыз адам Кеңес Одағының батыры атағына ие болған. Олардың арасында академик, Абай университетіне 12 жыл ректор болған Мәлік Ғабдуллин де бар. Биыл Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 110 жыл. Осыған орай соғыстан кейін ел білімінің дамуына үлес қосқан батырдың ғылыми мұрасын насхиттау мақсатында арнайы конференция ұйымдастырылып, аудитория ашылды. 

Болат Тілеп, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры:

- Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өзіміздің түлектеріміздің күшімен осы кісілерге арнайы белгітес орнатып жатырмыз. Мұндағы мақсатымыз – осы университеттен майданға аттанған барша түлектер, студенттер, оқытушылардың рухына тағзым ете отырып, олардың осы жанқияр ерлігін бүгінгі жастарға, өзіміздің студенттерге дәріптеу.