Ақтаудағы әскери флот әрдайым міндетін қалтқысыз атқарады
Мереке болғанымен қызметті қалтқысыз атқару міндет.
Ақтаудағы әскери теңіз флоты әдеттегідей жауынгерлік жорықта жүр. Ал Қарағандыда Ұлттық ұлан сарбаздары қаладағы қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысып, аса маңызды мемлекеттік нысандар мен түзету мекемелерінің қауіпсіздігін бақылауда.
«Маңғыстау» зымыранды-артиллериялық кемесі еліміздің әскери теңіз флотының флагмандық кораблі. Жауынгерлік жорық кезінде әртекті әскери кемелер дивизионының іс-қимылын үйлестіретін ерекше рольге ие. Кеме экипажы Каспий маңы мемлекеттері тұрақты өткізетін әскери оқу-жаттығуларда мол тәжірибе жиған. Еліміздің теңіз инфрақұрылымын, шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуден бөлек, құтқару операцияларына да қатысып жүр.
Ермекбай Оспанов, «Маңғыстау» зымыранды-артиллериялық кемесінің командирі:
- Жауынгерлік кезекшілік кезінде біздерге хабарлама келді төтенше жағдай бөлімшелерінен. Ақтау маңында теңізде 2 адам жоғалып кетті деген мәселемен. Біздер соны анықтап, радиолокациялық құрылғымен бірге анықтадық. Су бетінде екі адам қалқымалы заттың үстінде жүзіп кетіп бара жатқан жерінен құтқардық.
Әскери теңізшілердің Отан қорғаушылар күнін арнайы әзірлікпен қарсы алатын игі дәстүрі бар. Кеме Ақтаудағы жауынгерлік су айлағына зәкір тастаған соң жеке құрам құрлыққа шығуға дайындалады. Теңізшілер киімінің мұнтаждай таза болуын кеменің бас старшинасы мұқият тексереді.
Әміржан Майданов, «Маңғыстау» кемесінің бас старшинасы:
- Қазір арқан тартыс, гір көтеру және экипаждар арасында, мерзімді әскери қызметшілер арасынан футбол жарысы ұйымдастырылады. Түскі асқа мерекелік ас дайындап жатырмыз.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Әскери теңізшілер тамақтанатын орын «Камбуз» деп аталады. Жеке құрамға күніне 3 мезгіл тамақ пісіру кок-командордың міндеті. Бір қызығы, мемлекеттік мерекелерге арналған арнайы ас мәзірі де бар. Мысалы, Отан қорғаушылар күні матростар мен офицерлерге қуырдақ пен тәтті бәліш ұсынылады.
Ерлан Қыдырбай Қарағандыдағы №6505 әскери бөлімінде қызмет етеді. 26 сәуірде әріптестерімен бірге жұмысқа бара жатқан кезде жолай шатыры отқа оранған үйді көріп, бірден көмекке ұмтылған. Әскерилер түтін басқан үйден 3 бала мен анасын дер кезінде алып шығады. Жел өршіткен жалыннан үй дымы қалмай өртеніп кеткен.
Ерлан Қыдырбай, №6505 Ә/Б Қарауыл бастығының көмекшісі:
- Мен үйге кірсем әйел адам не істерін білмей есеңгіреп қалған сияқты болып көрінді енді. Ананың іші барлығы түтін, дым көрінбейді. Әскери қызметші болғаннан кейін ондай жағдайларға немқұрайлы қарай алмаймыз. Әскери тәртіп әрбір қызметшіні тәртіпке үйретеді. Соның арқасында төрт жанды аман алып қалдық.
Айта кетсек, Ұлттық ұлан жауынгерлері қоғам қауіпсіздігін және қылмыстық атқару жүйесіндегі күзетті қамтамасыз етуде маңызды тапсырмаларды орындайды. Сондықтан әскери қызметшілердің білімі, физикалық және әскери даярлығының жоғары деңгейде болуына баса назар аударылады.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Ренат Досалиев