Рудный қаласында мемлекеттік рәміздер экспозициясы ашылды

Шағын шаһардың орталығында бой көтерген 20 метрлік ту бағанасы мен ел нышандарының композициясы ерекше көз тартады.

«Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атауымен өткен бұл шара Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 80 жылдығына арналды.

Жаңбырлы ауа райына қарамастан кеншілер қаласының орталығына халық көп жиналды. Тұғырға орнатылған ту әнұран орындалып, көкке көтерілгенде тебіренбеген жан қалмаған шығар. Мемлекеттік рәміздер экспозициясының жобасын жасағанда оның мазмұны мен тәрбиелік астарына мән бердік, - дейді мәдениет бөлімінің басшысы Жанна Жаңбыршина.

Жанна Жаңбыршина, Рудный қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

- Отаншылдық сезімін ұялату, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет сезімін нығайту мақсатында, тәрбиелеу мақсатында орталық алаңда дәл осы жерде сол мемлекеттік рәміздерге арналған осындай экспозиция орнату ол қажет.

Салтанатты жиында бірқатар ардагерге Рудный қаласының құрметті азаматы атағы берілді. Қариялардың бар тілеуі, елдің амандығы.

Жаңбыршы Тілеуғабылов, Рудный қаласының тұрғыны:

-Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, Қазақстанымыз гүлденіп, түрленіп, жылдан жылға өсе беруін алла нәсіп етсін.

Көпшіліктің алдында Ұлттық гвардия жауынгерлерімен бірге болашақ Отан қорғаушы жас балалардың сап түзеп өтуі ұрпақ сабақтастығын сездіргендей.

Виктор Ионенко, Рудный қаласының әкімі:

- Рудный қаласының үстінде желбіреген мемлекеттік туымыз біздің мақтанышымыз. Өзара келісім, бейбіт өмір, өркендеу жолында бәрімізді біріктіретін құнды нышан. Қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы. Елге деген құрмет, патриотизм бізді тек алға жетелейді.

Мемлекеттік рәміздер композициясының ашылу салтанатына жиналған жұрт тікелей эфирде Астанада өткен әскери шеруді тамашалады.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг