Атыраулықтар Мұса Баймұқановтың рухына тағзым етті

Атырауда Кеңес Одағының батыры Мұса Баймұқановтың рухына тағзым етті, деп хабарлайды 24kz.

Іс-шара Жеңістің 80 жылдығы және батырдың туғанына 115 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Мұса Баймұқанов 1915 жылы Мақат ауданының Сарыкөл деген ауылында өмірге келген. Соғысқа дейін қалалық прокуратурда тергеуші болып қызмет атқарған. 1941 жылдың шілдесінде майданға аттанып, 1945 жылдың наурызында Польша жерінде ерлікпен қаза тапқан.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Ұлы Отан соғысына Атырау жерінен аттанған 9 майдангер Кеңес Одағының Батыры, 4-еуі «Даңқ» орденінің толық иегері атанған. Солардың бірі-Мұса Баймұқанов. Бүгінде жерлестері батырдың есімін есте қалдыруға арналған шараларды ұйымдастырып жатыр.

Атыраулықтар үшін Мұса Баймұқановтың есімі жақсы таныс. 35 жасында жат жерде ерлікпен жан қиған Батырдың атына мектеп, көше аттары берілген. Бұл жолғы шара Баймұқанов атындағы орта мектепте басталды. Мұса Баймұқановты бұқараға танытуда жергілікті жазушы Айбосын Елеусіновтің еңбегі зор. Жазушының соңғы жинағы мектеп мұражайына қойылды.

Роза Қарақызы, жазушының жұбайы:

- Мұсаның төл суреті, сол сияқты оның жерленген жері қай жерде соғысқандары туралы жазылғандар болса деп армандады. Республикалық архивтермен байланысты. Көбіне өзі аяқтай барды. Сол материалдарды тауып, жаңғыртып жинаған еді. Бірақ шығара алмағанымен, сол материалдарды бір папкаға жинап кетті.

Кейін ол еңбек облыстық прокуратураның қолдауымен жинақ болып жарыққа шықты. Онда батырдың ерлік жолы толықтай қамтылған. Ержүрек командирдің 1945 жылдың наурызында Польша жерінде Одер өзенінен өтудегі жанқиярлық ақырғы ерлігі тың құжаттармен берілген.

Магилан Рахимов, Мақат ауданының прокуроры:

- Соғыс жылдарында прокурорлар арасында өзіміздің жерлесіміз прокуратура органдарында қызмет атқарған КСРО батыры Мұса Баймұқанов атамыз да бар. Мұса Баймұқанов атамыздың атына кеше 29 сәуірден бастап бернеше спорттық-мәдени шаралар ұйымдастырылды.

Соғыс атты сұрапылға Атырау жерінен 42500 ден астам адам аттаныпты. Оның 13 мыңнан астамы майдан даласында қалды немесе әлі күнге хабарсыз болып отыр. Жеңісті жақындатуға үлес қосқандарға тағзым іс-шарасы облыста ай бойы жалғасады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин