Биыл – Кеңес Одағының батыры Сабыр Рахымовтың туғанына 123 жыл
Биыл Екінші дүниежүзілік соғыс батыры Сабыр Рахымовтың туғанына 123 жыл толады, деп хабарлайды 24kz.
Соғыста полкті бастап, аз ғана уақытта дивизия қолбасшысына айналған, кейіннен тіпті «тұңғыш әрі темір генерал» атанған даңқты азаматтың ерлігі қазір көпге үлгі болып отыр. Қазақтың қарапайым баласы өз заманында осындай дәрежеге қалай жетті?
Альмира Оразбай, тілші:
- Әкесінен ерте айырылып, балалық шағын жоқшылықта өткізген, байлардың малын бағып күн көрген Сабыр Рахымов білімге құштар болып өседі. Ақырында Бакудегі әскери мектепке қабылданып, оны үздік аяқтап шығады. Тағдыр тауқыметін тартып, майданға аттанған батырдың тек әскери емес, өмір жолы да көпке үлгі.
«Сондықтан осындай алып тұлғаның туысы болу – біз үшін мақтаныш», - дейді Еркеғали Шерханов. Бүгінде өзі қару ұстап, қорғаныс саласында жұмыс істемесе де, ақ халатты абзал жандардың қатарында халықтың денсаулығын қамтамасыз етіп жүр.
Еркеғали Шерханов, С.Рахымовтың туысы:
- Біз жақын туыстары болып келеміз. Менің атам Шерхан ол кісінің немере інісі деп айтуға болады. Әрдайым С.Рахымов есімін естігенде көкірегімізді мақтаныш сезім кернейді және сол ауылдың үлкені мен жас балаға дейін сол атамыздың есіміне лайықты өмір сүруге тырысамыз, әрдайым ұлықтаймыз.
1941-1945 жылдардағы соғысқа Қазақстаннан 1 миллионнан астам ұл мен қыз аттанды. 500-ден астамы елге батыр атанып оралды. Отанын жаудан қорғау үшін жанқиярлықпен соғысқандардың арасында Сабыр Рахымов та бар.
Оны тіпті Сталиннің өзі қайсарлығы мен қаһармандығын байқап, «Орталық Азиядағы тұңғыш әрі темір генерал» деп атап кеткен. Бүгінде даңқты батырдың аты барынша ұлықталып жатыр. Мәселен Қорғаныс министрлігіне қарасты Шымкенттегі әскери колледжге Сабыр Рахымовтың есімі берілген. Мұндағы мұражайда оның майданда қолданған қаруы мен ішкен асының ыдыс-аяқтары бар екен.
Жаңыл Баспақбаева, С.Рахымов атындағы әскери колледжінің қызметкері:
- Әрине, біз сол ұландарды келгеннен бастап осы мұражайдағы барлық жәдігермен таныстырамыз. Ең бірінші осы атамыздың өмірбаяны, ұрыс даласындағы ерліктері, батыр атамыз өмірден өткеннен кейін «Қазақ болып өлу - менің арманым» деген ұранын насихаттау мақсатында жарының өзі көп жұмыстар атқарған ғой.
Батырдың анасы жесір қалып, Өзбекстандағы диірменші ағасының баспанасын паналаған. Содан болар, Сабыр Рахымовтың ұлты «қазақ па әлде өзбек пе?» деген сауалдар туындайды. Алайда кейінгі жылдары қазақ екені дәлелденіп, ол Орталық Азияға ортақ батыр болып кетті. Ал Рахымов атындағы колледждің өзі Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау секілді бірқатар облыс талапкерлеріне жалғыз әскери оқу орны болып отыр.
Ерасыл Тағаев, С.Рахымов атындағы әскери колледжінің ұланы:
- Осындай оқу орнында оқу мен үшін мақтаныш. Себебі Сабыр атамыз бұрындары қаншама жаудан шыққанын, ерліктері туралы айта берсек, бітпес деп ойлаймын. Бұл жерге оқу - өте үлкен ерлік. Алдағы уақыттағы мақсатым – кәсіби сержант атану. Әскери адам барлығы болады деп елестетемін, бірақ кәсіби, үлгілі сержант барлығы бола бермейді.
Мақсат Ақшалов, С.Рахымов атындағы әскери колледжінің бастығы:
- Заманауи техникаға сәйкес бізге көп қаражат бөлінді. Колледж 1 қыркүйекке дейін құрылыс жұмыстары біткеннен кейін бүкіл кабинеттеріміздің бәрін заманауи технологиямен толтырамыз. Өйткені балаларымыз жақсы оқысын дейміз. Екінші айтарым, бұл әскери оқу орны саналғаннан кейін Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында жалғыз оқу орны болып саналады.
Қанды қырғындағы Сабыр Рахымовтың ерлігі өлшеусіз. Сондықтан ол 4 рет «Қызыл ту», «Қызыл жұлдыз», екінші дәрежелі «Суворов» және «Ленин» ордендерімен марапатталған. Ал елдің бірқатар аймағында қазір Рахымов атындағы көшелер мен ескерткіштер бар.
Авторы: Альмира Оразбай