М.Әшімбаев қазақстандықтарды Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады
Соғыс жылдарында қазақстандықтар алдыңғы шепте және тылда ерен ерлік көрсеткен. Бүгін Палата отырысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деп, Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады.
Ол бұл дата ел тарихында ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Биыл Жеңіске 80 жыл толып отыр. Осыған байланысты Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен еліміз бойынша ауқымды іс-шаралар өткізілуде. Жалпы бұл сұрапыл соғыстағы жеңіске Қазақстанның қосқан үлесі зор. Елімізден майданға 1 млн 200 мыңға жуық азамат аттанып, олардың жартысынан астамы оралған жоқ. Азаматтарымыз ерлік пен қайсарлықтың озық үлгісін көрсете білді. 500-ден астам отандасымыз Кеңес Одағының батыры атанды. Сондықтан ардагерлерімізді ардақтап, олардың ерліктерін әрдайым есте сақтау аса маңызды.