Абай облысында соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Абай облысында соғысты көрген 2 ардагер тұрады. Әбдіғали Қаймолдин мен Иван Шевцов Жеңістің 80 жылдығын қарсы алады. Оларға 5 млн теңге көлемінде бір реттік сыйақы берілді. Облыс әкімі Берік Уәли соғыс ардагерлерін жеңіс күнімен құттықтап, 104 жастағы Әбдіғали Қаймолдинге Мемлекет басшының құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ Жеңістің 80 жылдық мерейтойына арналған медаль табысталды Майдангерлердің үйіне әскерилер де  барып, соғыс жылдарындағы әндерді шырқады.

Жасы жүзге таяған ардагер Иван Шевцов Жеңістің 80 жылдығын көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды. Құттықтай келген әскерилерге ақ тілегін арнады.   Қария сарбаздарға соғыс жылдары туралы естелік айтып берді. Сұрапыл жылдар туралы әндерде қосылып отырды.

Иван Шевцов, соғыс ардагері:

- Мені құттықтауға келген оркестр ұжымына, барша жастарға алғысымды айтамын. Соғыс жылдарында да рух беретін әндерді қосатын. Көңілің құлазығанда есті әуенді тыңдап еңсемізді көтеретінбіз.

Иван Шевцов майдан даласына 18 жасында аттанған. Польша мен Чехословакияны азат ету шайқастарына қатысқан. Талай ұрысты бастан өткерген ардагер әлі тың, мереке қарсаңында әскерилермен бірге сүйікті әні «Катюшаны» шырқады.

Халық қаһарманы Әбдіғали Қаймолдин биыл 104 жасқа толады. Ол Харковьті азат етуге қытысып, Сталинград түбіндегі ұрыстарда ерлік көрсетті. Облыс әкімі соғыс ардагеріне Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді.

Берік Уәли, облыс әкімі:

- Ұлы Жеңістің 80 жылдығы құтты болсын! Сіз сұраптыл жылдары Отан үшін от кешіп. Батырлық пен батылдықтың озық үлгісін көрсеттіңіз. Біз ардагерлеріміздің ерен ерлігін ешқашан ұмытпаймыз.

Жеңіс күніне орай соғыс ардагерлеріне 5 миллион теңге көлемінде сыйақы берілді. Бұдан бөлек, өңірдегі 2 мыңға жуық тыл ардагері де біржолғы әлеуметтік көмек алды.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы