Таразда қарт майдангерлерге құрмет көрсетілді
Таразда өңірлік әскери қолбасшылығының оркестрі соғыс ардагерлерінің үйінің ауласына барып, салтанатты шара өткізді.
Әскерилер соғыс жылдарындағы әндерді орындап, майдангерлерді құттықтады.
Соғыс ардагері Шалданбай Шанбаев қазір 101 жаста. Ол майданға 1942 жылы 18 жасында аттанған. Соғыстың соңына дейін ішкі істер әскерінің 227-полкі құрамында болды. Елге 1949 жылы оралып, есепші мамандығында оқып туған ауылында қызмет етті. Майдангер екінші дәрежелі Отан, «Маршал Жуков» медалімен марапатталды.
Шалданбай Шанбаев, соғыс ардагері:
- Аспанымыз ашық болсын қарақтарым. Еңбектерің жемісті болсын. Үлкенді сыйлай біліңдер. Біз небір қиыншылықты бастан өткіздік. Ал енді ол болмасын. Сендерге бір жақсы заман, жақсы қасиет болсын. Алла оңдасын!
Бүгінде өңірде 5 майдангер бар. Өңтүстік өңірлік қолбасшылығының оркестрі барлығының үйіне барып мерекемен құттықтады. Әскерилер отты жылдарды еске салатын әуенді орындаса, мектеп оқушылары күй тартып өлең оқыды. Ал жауынгерлер саппен жүріп ардагерлерге құрмет көрсетті.
Ержан Ыбыраев, Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы:
- Өзіміздің Тараз өңірінде Жамбыл облысында 5 адам қалды. Ол кісілердің барлығын біз білеміз, ешкімді ұмытпаймыз. Ешкімді қалдырмаймыз шетте. Бүгін өткізіп отырған іс-шараның қазіргі таңдағы жасөспірім балаларға пример ғой бұның бәрі.
Отан соғысы жылдарында Жамбыл облысынан майданға 41 453 азамат аттанған. Олардың 15 500-ден астамы майданда қаза тауып, 17 639 майдангер хабар-ошарсыз кетті.
Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә