Абай облысында майдан даласында құрбан болғандарға тағзым жасалды
Жеңістің 80 жылдығына орай Абай облысында салтанатты шара өтті, деп хабарлайды 24kz.
Ардагерлерді Абай облысының әкімі Берік Уәли құттықтады. Семейліктер батырлар рухына тағзым етіп, мәңгілік алауға гүл қойды. Жеңіс саябағына 5 мыңға жуық адам жиналды.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Гүл қою рәсіміне бала күнінен еңбекке араласқан тыл ардагерлері келді. Солардың бірі – Мақсұт Көсжанов. Ол 5 жасынан бастап соғыс жылдарының ауыртпашылығын бастан өткерген. Тыл ардагері: «Майдан даласында қаза тапқан батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды», - дейді.
Мақсұт Көсжанов, тыл ардагері:
- Ұлы Жеңіске 80 жыл. Бұл жеңіс жай жеңіс емес,тағзым шахит болған әкелерімізге, аталарымызға. Ал жастарға үлгі. Сондықтан бейбітшілік заман болсын, халқымыз аман болсын. Еліміз тыныштықта болсын.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты музыкалық оркестр Жеңіс күніне арналған әндер шырқап, қала тұрғындарына ерекше көңіл күй сыйлады. Жеңіс саябағында «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қою рәсіміне аймақ басшысы, ардагерлер, құқық қорғау органдары мен әскери бөлімдердің өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
Бейбіт Түсіпбеков, ауған соғысының ардагері:
- Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне рахмет айтамыз. Ешқашан мұндай соғыс болмасын. Тек қана Қазақстанымыз, еліміз аман болсын! Бейбітшілікте өмір сүрейік! Барлығыңызды Жеңіс күнімен құттықтаймын!
Семей өңірінен соғысқа 100 мыңнан астам адам аттанған. Жартысынан көбі оралмады. «Ұрпақ болашағы үшін от кешкен аталарымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмайды», - дейді Семей халқы.
Блиц 1:
- Ата-бабаларымыз өз қанын, терін төккен. Сол үшін оларға мың алғыс. Ал бүгін қалада жақсы аура болып жатыр. Барлығында жақсы көңіл-күй.
Блиц 2:
- Баламызбен, жолдасымызбен концерт көруге келдік. Концерт өте керемет өтіп жатыр. Барлықтарыңызға жақсылық тілеймін.
Жеңіс мерекесіне орай өңірде 300-ге жуық шара өтеді. Облыс орталығындағы мәдени шаралар отандық эстрада жұлдыздары қатысқан ауқымды концертпен қорытындыланды.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов