Қызылорда облысында су айдындарындағы қауіпсіздік күшейтілді
Қызылордалық құтқарушылар дабыл қағуда.
Шомылу маусымы басталмай жатып, өңірде екі адам суға кетті. Оның бірі бала. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, қайғылы оқиғалардың басты себебі, судағы қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы. Қазір облыс бойынша 63 қауіпті аумақ анықталған. Ол жерлерде бақылау бекеттері қойылды.
Жақында Қызылордада бір бала суға батып кетті. Қайғылы жағдай Тасбөгет кентіндегі Сталин су арнасының бойында болған. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше бұл жерде шомылуға тыйым салынған.
Бейбітхан Спанов, ТЖД басқарма бастығы:
- 2014 жылғы бала. Тасбөгет кентінде екі автокөлік көпірі бар. Сол екі мостың аралығында бала өзі суға түсуге бейімделмеген аумаққа түскеннен кейін Сталинский каналдың ағысы өте күшті. Құтқарушылардың көмегімен денесін алып шықты.
Шомылу маусымы әлі басталмағанымен, балалардың ата-ана қарауынсыз өзен-көлдерге баруы тыйылар емес. Құтқарушылар күндіз-түні рейд жүргізіп, қауіпті жерлерге бақылау орнатқан. Жалпы былтыр облыс аумағында 24 адам судың құрбаны болды. Соның 11-і бала.
Әкімәлі Қуанышбеков, ТЖД бас маманы:
- Қызылорда облысы бойынша департаменті соңғы 5 жылда су айдындарында адам қазасы орындары зерделенген. 63 қауіпті, тиым салынған жерлер белгіленген суға түсуге. 24 мобильді пост бегітіліп, сол мобильды постарға рейд жұмыстары жүргізілуде, күнделікті. Және қалған аймақтарға жергілікті атқарушы органдармен бақылау жұмыстары жүргізілуде.
Қазір облыста жеті коммуналдық жағажай бар. Оның екеуі Қызылордада орналасқан. Бірақ мамандар ашық су айдындарында шомылу қауіпті екенін ескертіп, тиісті талаптар сақталған бассейндерге баруға кеңес береді. Спорт басқармасының мәліметінше, өңірде талапқа сай 9 бассейн жұмыс істейді. Мұнда мыңға жуық бала су спортымен шұғылданады.
Жігер Айекешов, дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары:
- Алдағы уақытта Қызылорда аренаның ішінде жеті жолақтық 50 метрлік олимпиадалық бассейн салынады деп күтілуде. Жыл аяғына дейін пайдалану берілсе, халық осы бассейннің игілігін көреді ғой деп ойлаймыз. Сонымен қатар енді пайдалануға берілетін шығармашылық үйінде де бассейн бар. Пайдалануға берілетін шығармашылық үйі мен Қызылорда арена бойынша басссйндерге жаттықтырушылар мен нұсқаушылар алынатын болады. Су спортын дамыту бойынша әрі қарай жүйелі жұмыстар жүретін болады.
Құтқарушылар балаларды ата-ана қарауынсыз қалдырмауға үндейді. Сонымен қатар арнайы жағажайлар мен бассейндер санын арттыру жөнінде жергілікті әкімдіктерге ұсыныстар берілген.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев